03 ақп, 2022 сағат 15:21

Жанармай экспортына қойылған тыйым мамыр айынан кейін де жалғасуы мүмкін


Қазақстан жанармайды сыртқа шығаруға қойылған тыйымды 180 күндік меже біткен соң да жалғастыруы мүмкін. Энергетика министрі Болат Ақшолақов елде орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтардың басында жанармайды сыртқа шығаруға 180 күндік мораторий жарияланғаны белгілі. Бұл меже біткен соң да сол тыйым жалғаса ма? Әлде алып тастауға алғышарттар бар ма?», - деп сұрады БАҚ өкілі. 

«Біздің негізгі міндетіміз – жанармай бағасының күрт өсуіне жол бермеу. Сондықтан министрліктегі әріпестерімізбен бірге бәріміз бұл мәселені талқыладық. Жанармайды сыртқа шығаруға қойылған тыйымды мамыр айынан кейін де жалғастыратын шығармыз. Ішкі нарықта жанармай уақтылы жетіп тұруы үшін және бағаның өсуіне жол бермеу үшін сол істейтін шығармыз», -деді Болат Ақшолақов.

Энергия министрі аталмыш брифингіде, мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу жұмыстары егін науқанына кедергі келтірмейтіндей кесте жасалып жатқанын айтты.

«Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жөндеу мерзімін 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылға жылжыту мәселесі бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал Павлордадағы зауытты жөндеу мерзімін биылғы маусым айынан шілденің ортасына жылжыту көзделіп отыр. Яғни, жөндеу жұмыстары көктемгі егіс аяқталғаннан кейін ғана жөндеуге жабылуы керек», - деді Болат Ақшолақов.