14 сәу, 2023 сағат 16:33

Жаңаөзенге жеткен наразы мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" алдына жиналды

видеодан алынған кадр

14 сәуірде Астанадан Маңғыстауға жеткен бір топ мұнайшы "Өзенмұнайгаз" компаниясының алдына келіп, наразылықты жалғастырды. Олар видеоүндеуде талаптары орындалмайынша, сол маңнан кетпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

– Біз Астанадан аман-есен үйімізге оралдық. Нақты шешім шыққан жоқ. Біз қалған жігіттер [Астанадан] келгенше, шешім шықпайынша, "Өзенмұнайгаз" ғимараты алдында боламыз, – дейді мұнайшылардың бірі. 

Ал, бір күн бұрын олар станциялардың бірінен видеомәлімдеме жолдап, талаптары орындалмаса, Астанаға баруға дайын екенін хабарлаған еді.

Айта кетейік, 13 сәуірде мұнайшылардың 10 өкілі мен "ҚазМұнайГаз" арасында келіссөз басталған. Жұмысшылар ортақ шешімге келе алмағанын және алданғанын айтқан.

14 сәуірде күндіз "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы хабарлама таратып, келіссөздің барысы туралы ақпарат берді.

ҚМГ өкілдерінің айтуынша, "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесінің бұрынғы жұмысшылары өздерін "Өзенмұнайгазға" штатқа алуды талап еткен. Компанияның айтуынша, "бұл талапты орындау мүмкін емес, себебі жұмысқа кезекке 9 мың адам тұр".

Наразылар сонымен бірге мердігер компаниялармен келісімді ұзақ мерзімге жасауды талап еткен. ҚМГ келісімшартты "3+2"схемасы (үш жылдық келісім, қосымша 2 жылға созуға болады) бойынша әзірлеуге дайын екенін білдірген.

ҚМГ еңбекті қорғау мен ұйымдастыру, бірыңғай тариф-біліктілік анықтамасын қолдану, тендер процедуралары мәселелері бойынша тәуелсіз комиссия құруды қолға алатынын хабарлады. Келіссөз жалғасып жатыр.

Еске салайық, 11 сәуірде кешкісін полиция Жаңаөзен қаласынан тұрақты жұмыс беруді талап етіп Астанаға арнайы келген ондаған мұнайшыны Энергетика министрлігі ғимаратының алдынан күштеп алып кеткен. Түні бойы полиция бөлімінде болған мұнайшылардың көбі 12 сәуірде таңертең пойызбен Маңғыстауға қайтқан. Олардың 10 өкілі Астанада қалып, 13 сәуірде күндіз "ҚазМұнайГазбен" келіссөзді жалғастыратыны хабарланған.

 видео: Lada.kz