Фото: ҚР ТЖМ
Жаңаөзен қаласында тұрғын үйдегі жарылыстан қаза болғандар саны 4 адамға жетті. Олардың арасында үш жасар қыз бар. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыс әкімі Жаңаөзендегі жағдайға байланысты шұғыл брифинг өткізді.
Оның айтуынша, бүгін таңертең елорда уақытымен таңғы 05:04-те Жаңаөзен қаласы Шұғыла ауданында 51-үйде жарылыс болғаны туралы хабар түскен.
"Екіқабатты үйдің оң қапталы, екінші кіреберінде жарылыс болды. Алғашында газ баллоны жарылған деген болжам болды, ал қазір мамандардың тексерісінен кейін газ баллоны емес, газ қоспасының жарылуы ықтимал деген болжам бар", - деді Ноғаев.
Жалпы ТЖ салдарынан 17 адам зардап шеккен, соның ішінде 4 адам қаза тапты: бір ер адам, екі әйел және үш жасар қыз.
Үш адам Жаңаөзен қаласының емханасында жансақтау бөлімінде, тағы үш адам травматология бөлімінде жатыр. Қалғандары дәрігерлердің тексерісінен кейін үйлеріне жіберілген.
Төтенше жағдайға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылған. Ол жарылыс себептері мен оның салдарын жою жұмысымен айналысады.
Сондай-ақ, ТЖ фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Өңір басшысы өз сөзінде жарылыстан қаза болғандардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ ол зардап шеккен тұрғындарға баспана және басқа да қолдау көрсетуді әкімдік өз жауапкершілігіне алатынын атап өтті.