Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 17 сәуірде көпқабатты тұрғын үйдегі жарылыс салдарынан көз жұмған жандардың отбасына барып, өзінің және компания атынан көңіл айтты, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
«Бұл - өте ауыр жағдай. Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз, мықты болыңыздар. Бастарыңызға сынақ түскен кезде біз шет қалмай, Президенттің тікелей тапсырмасымен баспанасыз қалған отбасыларға пәтер алып бердік. Осындай сын сағатта сіздер үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз», — деді ҚМГ басшысы көз жұмған тұрғындардың туыстарына көңіл айта келе.
Компания мәліметінше, төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған 9 отбасыға жанұядағы адам санына байланысты екі бөлмелі 2 пәтер, үш бөлмелі 5 және бес бөлмелі 2 пәтер сатып алынған.
Айта кетейік, 17 сәуірде таңғы сағат бесте Жаңаөзенде екі кіреберісті 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде газ қоспасының жарылысы болды. Өрт шыққан жоқ. Бірақ жарылыс салдарынан кіреберістің 150 шаршы метрі опырылып құлады.
Төтенше оқиға кезінде төрт адам – екі әйел, бір бала және бір ер адам қаза тапты. Үйде 12 пәтердің төртеуі жарылыс салдарынан жермен-жексен болды.