12 сәу, 2023 сағат 00:38

Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады

видеодан алынған кадр

Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бүгін, 11 сәуірде Жаңаөзен қаласының әкімдігі алдындағы алаңға жиналған Жаңаөзен қаласының тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қала әкімі жиналғандарға бейне өтініш жасады" - делінген хабарламада.

"Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер! 

Бүгін барлығыңыз әлеуметтік желіден жерлестеріміздің Астана қаласында наразылық акциясын ұйымдастырып, полиция бөліміне жеткізілгені туралы ақпаратты көріп отырсыздар.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, жерлестеріміздің жағдайы жақсы. Оларға қолданыстағы заңнама шеңберінде әкімшілік шаралар қабылданатын болады. 

Әкімдік тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.

Астанада наразылық білдірген азаматтармен алдын ала келіссөздер жүргізілді. Бұрын тендерден жеңілген компанияда жұмыс істегендерге еңбек жағдайлары мен жалақыларын сақтай отырып, тендерді жеңіп алған компанияға ауысу ұсынылды. Бірақ ұсыныс қабылданбады.

Қасиетті Рамазан айында мен баршаңызды сабырлыққа шақырамын! Мәселенің мәнін білмей, эмоцияларға берілмеулеріңізді және арандатушылардың сөзіне еріп, қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауларыңызды сұраймын!" - деді Айбек Қосуақов.

Айта кетейік, тұрақты жұмыс талап етіп, Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдында наразылық білдірген жаңаөзендік мұнайшыларды 11 сәуірде кешкісін полиция мен арнайы жасақ күштеп ұстап әкетті

Кейін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорны жұмысшыларының өкілдері Жолмұрат Ұлықпанов пен Нұрсұлтан Нұрымұлы үндеу жасап, Жаңаөзендегі қолдаушыларын заңсыз әрекетке бармауға және үйлеріне қайтуға шақырды.