Фото: Lada.kz
Жаңаөзен қаласының әкімдігі аштық жариялаған жұмыссыз қала тұрғындарының талабын орындай алмайтындарын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жаңаөзен қаласында арнайы алгоритм жұмыс істейді, оған сәйкес, жұмыссыз тұрғындар жалпы кезекке сәйкес мұнай саласына жұмысқа орналасады. Бұған дейін аштық жариялаған тұрғындар жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап еткен болатын. Әкімдік өкілдері бұл кезекте тұрған басқа адамдарға әділетсіз болатынын айтып, келіспейтінін жеткізді", - деп жазылған әкімдік таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта Жаңаөзенде жұмысқа орналасуға, біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар мүмкіндік бар. Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасқан азаматтың мұнай саласына жұмысқа орналасу алгоритміндегі тіркелген кезегі сақталады, деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
"Құрметті жерлестер, біз сіздердің кезексіз, қабылданған алгоритмнің шарттарын сақтамай мұнай-газ саласына жұмысқа қабылдау туралы талаптарыңызды орындай алмаймыз. Өйткені бұл өз кезегін күтіп, әр түрлі салада жұмыс істеп жүрген қала тұрғындарының құқықтарына нұқсан келтіреді. Сондықтан сіздерді ақылға келуге шақырамыз. Арандатушылыққа бой алдырмаңыздар", - деп мәлімдеді Жаңаөзен қаласының әкімдігі.
Бұған дейін хабарлағандай, бүгін Жаңаөзен қаласының 15-ке жуық жұмыссыз тұрғыны әкімдіктің алдында жиналды.
"Жұмысқа орналастыру проблемасын шешуге әлі күнге дейін көмек көрсетпегендіктен, біз аштық жариялауды көздеп отырмыз", - дейді жиналғандар.