2022 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарна мен аударымдардың мөлшері өзгерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айта кетері, жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін, ал АЕК 2 917 теңгеден 3063 теңгеге дейін өсті.
Тиісінше, 2022 жылы МӘМС төлемдері де артты:
- жұмыс беруші қызметкері үшін оның жалақысының 3%-ін төлейді, бірақ сома мөлшері 18 мың теңгеден аспайды;
- қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатындар өз кірісінің 2%-ін аударады, бірақ 12 мың теңгеден аспайды;
- жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатындар – ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ін немесе 4 200 теңге төлейді.
Бірыңғай жиынтық төлем (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін) мөлшері:
- қала тұрғындары үшін –1 АЕК немесе 3 063 теңге;
- ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге.
Дербес төлеушілер ең төменгі жалақының 5%-ін немесе 3 мың теңге төлейді.
Жеңілдікке ие 15 санатқа жататын азаматтар үшін жарнаны мемлекет аударады. Бүгінде мұндай тұрғындардың саны 11 миллионнан асады. Бір адам үшін жарна мөлшері – 3 614,2 теңге.
Қазақстанда МӘМС жүйесі 2020 жылдың қаңтарынан бастап толығымен күшіне енді.