Сурет: fishki.net
Некеге тұрмас бұрын қазақстандықтарды бір ай көлемінде арнайы курстарда оқыту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Halyq Uni басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін отбасын құрмас бұрын қазақстандықтарды емтихан тапсыруға міндеттейді деген ақпарат пайда болған еді. Осының барысы туралы айтып бересіз бе? – деп сұрады одан журналистердің бірі.
Комитет төрағасы Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында осыған ұқсас бөлік бар екенін атап өтті.
Қазір Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы қарастырылып жатыр және онда осындай бөлік бар. Яғни отбасын құрмас бұрын кемінде бір ай жастарды оқыту жоспарланып отыр, – деді Қайрат Қамбаров.
Оның айтуынша, жастарды тәлімгер және психологтар оқытады.
«Олар отбасын құрғысы келетін азаматтармен жұмыс істейді. Әзірге қарастырылып жатыр, әлі бекітілген жоқ», – деп қысқа қайырды жауабын спикер.