30 қыр, 2022 сағат 18:27

Жаңа кезеңнің қақпасы ашылады


Қазақстан үшін биыл көптеген саяси реформалар мен жаңа көзқарастарға негізделген өзгерістер іске асып жатыр. Бұл тізімге алдымызда тосып тұрған кезектен тыс президент сайлауын қоссақ та болады. Кезектен тыс деп аты айтып тұрғанындай, сайлау ертерек өткелі тұр. Неге?

Біріншіден, жыл басынан бері елімізде саяси жүйе жаңара түсті. Бұрынғыдай емес, қазір биліктегілердің жауапкершілігі артып, халық алдында ашық есеп бере бастады. Екіншіден, көрші елдердегі геосаяси ахуал күн сайын ушығып барады. Алауыз болған елдерге қарап, қауіпсіздігіміз бен тұрақтылығымызды ойлап, біз де алдын ала қамданбасқа болмайды. Осы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау өткізу туралы шешімін дұрыс деп білемін. Алысты болжап барып жасалған қадам екені даусыз. Оның үстіне президенттің өкілетті мерзімі бір кезеңмен ғана шектелді.

Барлық дүниені, саяси процесстерді халық белсенді түрде мұқият бақылап отыр. «Халық – биліктің айнасы» деп бекер айтпайды. Сондықтан әділетсіз әрекеттер болуы мүмкін емес. Ел өз таңдауын жасап, басшысын бас қылып, жаңа кезеңнің қақпасын ашуы тиіс. Мұның бәрі демократиялық бағытты негізге алып жасалып жатқаны анық. Адам хақын, ой еркіндігін, тың көзқарас пен келісті келешекті осылайша қалыптастыра аламыз. Бұл бастамалардың берекелі болуында әркімнің де мойнында жауапкершілік бар. Сол себепті бірлесіп, ел болып жұмылып, өзгерістерді қолдауымыз қажет деп ойлаймын.        

Әділ Қойтанов,

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры