10 ақп, 2022 сағат 15:45

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының 3 тең төрағасы болуы мүмкін


«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының 3 тең төрағасы болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдыңғы күні депутаттық топтың бастамашылары жиналып, ақылдастық. Оның жарғысын қабылдадық. Жарғысында әзірге үш тең төраға болады деп көрсетілген. Олар: Еділ Жаңбыршин, Наталья Дементьева және мен. Қазір топқа қосылуға келіп жатқан азаматтар да жоқ емес. Қосымша жалақы төленбейді. Бірақ Мәжіліс төралқасына, бюросына бір адамымызды жолдауға мүмкіндік аламыз. Яғни, оларға тұрақты қатысуға Мәжілістің күнтәртібіне әсер етуге, депутаттық сауал жолдауға, министрлерді жеке шақыртуға, аймақтарға шығуға мүмкіндігіміз болады», - деді ол елордада ұйымдастырған баспасөз мәслихаты барысында. 

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты өкінішке орай қоғамызда жұртқа сөзін тыңдата алатын тұлғалардың азайып бара жатқандығын баса айтты. 

«Авторитаризм деген негізі елге жақсы емес екендігін түсіндік. Қазір басталған үдерістерді, тазаруды, арылуды аяғына дейін жеткізу керек. Бұл - үлкен мәселе. Шынын айту керек, айтқанға ғана оңай. Адам ретінде де, Мәжіліс депутаты ретінде Президенттің шын ниеті бар екеніне сенемін. Президентке оңай емес. Президенттің соңғы қабылдаған шешімдері – тарихи шешімдер. Иә, «батпандап кірген нәрсе, мысқалдап шығады» деген қазақтың мақалы бар. Меніңше, ол - жалғыз Президенттің қолынан келетін шаруа емес. Бүкіл қоғам болып араласуымыз, қадағалауымыз керек. Әсіресе, осы авторитаризмге, монополизацияға, олигополияға алып келген мәселелермен қоғам ретінде белсенді күресуміз қажет және олардың қарсылығы болатындығын да түсінуге тиіспіз», - деді Айдос Сарым.