28 жел, 2021 сағат 11:31

Жаңа инвестициялық жобалар іске асырылып жатқан өңірлер аталды


2021-2025 жылдар кезеңінде құрылыс материалдары саласында 1 трлн 66 млрд теңгеге 165 жоба іске асырылмақ. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пайдалануға беріліп жатқан жаңа тұрғын үйлердің көбейгенін ескерсек, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттырып, жаңа серпінді инвестициялық жобаларды іске асыру қажет. Бұл саланың импортқа тәуелділігін азайтады. 2021-2025 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 1 трлн 66 млрд теңгеге 165 жобаны іске асырып, 16,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу болжанып отыр. Өңірлерге қатысты алсақ, ең көп жаңа инвестициялық жобаларды Ақмола (21 жоба), Түркістан (21 жоба), Алматы (19 жоба) облыстары мен Нұр-Сұлтан (26 жоба) және Шымкент (16 жоба) қалаларында іске қосу жоспарлануда», - деді Б. Атамқұлов Үкімет отырысында. 

Биыл құрылыс материалдары өндірісінде 2 ірі жоба іске қосылды: 

Бірінші жоба. Ақтөбе облысында Зерде-Керамика кәсіпорнын кеңейту аясында жобалық қуаты 5 млн шаршы метр болатын зауыт іске қосылды. Бұл елдегі керамика плита өндірісі қуатын 3 есеге (2,5 млн шаршы метрден 7 млн шаршы метрге дейін) арттырды. 

Екінші жоба. Биылдың 8 желтоқсанында «Orda Glass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табақ шыны құюға арналған кәсіпорны іске қосылды. Техникалық ерекшеліктерге сәйкес, зауыт алғашқы өнімін келесі жылдың сәуір айында нарыққа шығаруды жоспарланып отыр.