24 жел, 2019 сағат 09:10

Жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарды өндірістерін жаңғыртуға ынталандырады - Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің жаңа редакциядағы жобасы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Экологиялық кодекстің негізгі қағидаттары мен жаңашылдықтарымен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев таныстырды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов түсініктеме беріп өтті, халықаралық сарапшылар қауымдастығының позициясын Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Я. Бериш, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың позициясын «Қазмырыш» ЖШС бас директоры А. Хмелев, экологиялық қоғамдық ұйымдардың позициясын «ЭКOM» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Павлодар Орхус орталығының үйлестірушісі С. Могилюк жеткізді.

Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының жобасы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін, сондай-ақ қазақстандық жұртшылық пен бизнестің пікірлерін ескере отырып әзірленді. Оның негізгі қағидасы — «ластаушы өзі төлейді және түзетеді».

Өзгерістер қоршаған ортаға әсерді бағалау тәртібін (ҚОӘБ) барлық табиғат пайдаланушыларға емес, «бірінші санаттағы» ірі кәсіпорындарға ғана қолдануды қарастырады. Сонымен бірге, жұртшылық экологиялық сараптама кезеңінде бір рет қана емес, ҚОӘБ-ның барлық сатысына қатысады.

2025 жылдан бастап «бірінші санаттағы» ірі нысандарға кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) қолданылады және қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағытталған ең жақсы қолжетімді технологиялардың (ЕҚТ) тетігі енгізілетін болады. ЕҚТ-ға өткен компаниялар эмиссиялар үшін төлемнен босатылады, ал қалғандарына шығарындылар үшін төлем мөлшерлемелері 2028 жылдан бастап әр үш жыл сайын 2, 4, 8 есе біртіндеп өседі (2025 жылдан бастап топ-50 ірі кәсіпорын үшін). Жаңадан қосылған кәсіпорындар үшін КЭР алу міндетті болып саналады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғау шараларын 100% көлемінде түсетін экологиялық төлемдер есебінен қаржыландыруға міндетті.

Кодекс жобасында ірі ластаушы кәсіпорындардың қоршаған ортаға зиянды заттар шығарындыларының көлеміне мониторинг жасаудың автоматтандырылған жүйесін құру қарастырылған.

Кодексте бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экологиялық тәртіп бұзушылық және шағымдар фактісі бойынша кәсіпорынды тексеру туралы алдын ала хабарландыру ережесі алып тасталған, бұл уәкілетті мемлекеттік органдарға қоршаған ортаға залалды тоқтатуға және шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экологиялық құқық бұзушылық үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар 10 есеге арттырылады.

Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының жобасында қалдықтардың 5 сатылы иерархиясы және оларды өңдеудегі міндетті «кезеңдік» енгізілген, яғни бұл: пайда болудың алдын алу/азайту – қайта пайдалану, өңдеу, кәдеге жарату – жерге көму. Қалдықтарды жіктеу қауіпті емес және қауіпті қалдықтарды қамти отырып, Еуропалық қалдықтар каталогына сәйкес жасалады.

Сонымен қатар, «Waste to Energy» тетігі енгізілуде, яғни жаңартылатын энергия көздеріне ұқсас электр энергиясын өндірумен қалдықтарды жағу. Бұл 2025 жылға қарай қалдықтардың көлемін 30%-ға дейін азайтуға және 180 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялар тартуға жол ашады.

«Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдымызға қойған басым міндеттерінің бірі. Жыл сайын экологиялық қауіпсіздік мәселелері өзекті бола түсуде», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Кодекс кәсіпорындарға қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл төлеуден гөрі, өндірісті жаңғырту, жаңа технологиялар үшін қаражат жұмсаған тиімдірек болатындай жағдай туғызатынын атап өтті.

Кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайту үшін ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізуін қамтамасыз ету мақсатында Премьер-Министр Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының базасында ЕҚТ бюросын құру мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Бүгінгі таңда еліміздің полигондарында 120 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Осы көлемді азайту үшін өңірлердің әкімдеріне Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, қалдықтарды сұрыптау және энергетикалық кәдеге жарату нысандарын салуға жер телімдерін бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Париж келісімі аясында ҚР міндеттемелерін іске асыру мақсатында Төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеу кезінде жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізудің бірыңғай тәсілдері мен тетіктерін әзірлеуді тапсырды.