Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі – латын графикасының барлық деңгейде қолданушылар үшін ортақ тілдік ережелерін айқындау. Ереже құқықтық күші бар құжат ретінде шұғыл бекітіліп, салаларға жолдануы керек. Бұл құжатты дайындауда қазақ тілінің өзіне ғана тән негізгі ерекшеліктер толық ескерілген төл заңдылықтарға басымдылық берілуіне назар аударылуы заңды.
Мәселен, «қазақ тілінің өз табиғатын ескеру бағытында оның жалғамалы тіл екендігі, ауызша сөзді жазба кодқа салу жүйесі немесе керісінше, жазба тілді ауызша кодқа салу мүмкіндіктері мен талаптары, қазақ тіліндегі дауыссызға қарағанда дауысты дыбыстардың ырқының басымдығына назар аудару қажеттігін» ғалымдар да атап отыр. Қазақ әліпбиіндегі басы артық әріптерді сұрыптап, тілдік болмысқа лайықтап, атап айтқанда, қазақи дыбысталым (орфоэпия) мен қазақи дыбыс жүйесіне, яғни кезінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбановтар негіздеген фонологиялық жүйеге икемдеп қайта құру жолымен жаңа тұрпаттағы әліпби жүйесін дамыту арқылы қазақ жазуын бірегейлендіру жолдары қарастырылуда. Осы бағытта анықталған ережелер мен шарттар ортологиялық құралдарды: сөздіктер, көрсеткіштер, анықтағыштарды әзірлегенде бірегейлікті сақтаудың негізі етіп алынуын қадағалау ләзім. Бұл латыннегізді жаңа әліпбиді көпшіліктің саналы түсініп меңгеруіне, сондай-ақ оның тілдік-теориялық тұрғыдан тиянақтылығына сенім қалыптастырады.
Дәл қазіргі таңда ұлттық жазу таңбасын, жазу ережелерін бекіту мәселесімен тікелей айналысып жүрген ғылыми-теориялық және әдістемелік топ мүшелерінің бір ортақ тоқтамға келіп, ең салауатты, сауатты, оңтайлы жол табуы өзекті мәселе болып тұр. Себебі ұлттық жазуды жаңа таңбаны ендіру үдерісінде жетілдіру, осыған дейінгі кирилл жазуын қолдану кезеңіндегі толып жатқан ескертулерден, олқылықтардан арылту мүмкіндігі туып отыр. Бұл орайда ұлы ғалым А.Байтұрсынұлы: «Пән сөздері жағынан қазақ басқалардан бөлек жол ұстанды... Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты.... Тіл арасына жік түсіп айырмас үшін жат сөздерді амалсыз болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды,»- деп жазды. Бірақ осы мүмкіндікті қалай тілдің пайдасына шешуге болады деген мәселеге келгенде қазіргі зерттеушілер арасында кереғар пікірлер бары байқалады. Бірінші топтағылар «тілдің осыған дейін қалыптасқан ғылыми-лингвистикалық базалық нормасын сақтап, қазақ сөзінің нормалану, кодификациялау ерекшеліктерін ескеру керек» десе, екінші топтағы зерттеушілер «тілдің өз табиғатын ескеріп, оның дыбысталымы мен жазылым жүйесінің толық сәйкестігін басшылыққа алу керектігін» алға тартады. Алғашқы топ аралық кезеңде осыған дейін халық санасында қалыптасқан кодификациялық нормаларға қайшы келмейтіндей нұсқаларды табуды ұсынса, екінші топ мүшелерінің айтуынша, «жаңа жазу тәртібін қазақ сөз әуезін бұзбай, жазу мен дыбыстау жүйесіне толық сәйкестендіру» қажеттігін басшылыққа алу абзал.
Ұлттық жазудың жаңа жүйесін жасауда ерекше таласты, даулы мәселелердің туындауына өзге тілден енген сөздер мен «халықаралық терминдер» деген атауға ие болған кірме сөздер түрткі болып отыр. Бұл бағытта да қазақ тілінің орфоэпиялық, орфографиялық заңдылықтарын ескеру талабына қатысты әрқилы пікірлер өріс алуда. Ғалым Ш.Құрманбай: «Шет тілдері сөздерін тілге дұрыс қабылдамау тілді тұтынушылар арасында пікір қайшылығын тудырып, жік салатынын көрсетті... Мұндай қателікті түзету келесі ұрпақтың алдынан шықпауы үшін әрі шет тілдерден қабылданған терминдердің тілге сіңісіп кетуі үшін кирилден латынға көшу үдерісі жүріп жатқан дәл осы кезеңде жасалатын емле ережелерін тілдің өз табиғатына сай болуы өте маңызды»,- дейді. Өйткені кеңестік жылдарда кірме сөздерді қабылдау үдерісі әсіре саясаттандырылып, қазақ тілінің өзіндік заңдылықтары мансұқталып, шет сөздерін игеру, сындыру механизмдері жойылған болатын. Халықаралық термин деген сылтаумен «шеттен енген сөздер түпнұсқасына емес, орыс тілінің айтылымы және жазылымына сәйкестендіріліп енгені белгілі. Бұл, әрине, қазақ тілді тұтынушылардың санасында өзге тілден, әсіресе, орыс тілінен енген кірме сөздерді еш өзгеріссіз қабылдау және өзіндік айтылым нормасына бейімдемеу сияқты теріс стереотиптерді қалыптастырды. Бұл, ең алдымен, қазақ сөйленісіндегі үндесім қағидасының бұзылуына, яғни тек сөзде не сөз тіркесінде ғана емес, бүтін сөйлем құрамында ғасырлар бойы тілдік сөйленістің эстетикалық дыбысталу категориясын қалыптастырған дыбыстық үндесім, сингармонизм заңдылығының бұзылуына әкеп соқтырды». Сондықтан өзге тілден енген кірме сөздерді қазақ тілінің табиғи қалыбына бейімдеудің тілдік тетігі латын графикасына көшу жағдайында оң шешім табуы тиіс. Себебі ұлттық тілдегі жаңғыру санадағы жаңғырумен тікелей байланысты бола отырып, болашақ ұрпақтың да жазу мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал ететін болады.
Ғалымдардың басым көпшілігі латын графикасына көшу қазақ және орыс тілдерінің фонетикалық жүйелерін графикалық жағынан айқын ажыратуға мүмкіндік беретінін айтады. Қазақ және орыс тілдерінің фонетикалық жүйелерін графикалық жағынан ажырату қазақ тілі үшін де, орыс тілі үшін де тиімді екендігі анық. Себебі «бір-біріне мүлде ұқсамайтын фонетикалық жүйелердің бір әліпбидің құзырында болуы фонемдердің бір-бірімен араласып, кірігіп кетуі екі тілдің де табиғи нормаларының бұзылуына әкелетінін өмір көрсетті: кирилл әліпбиіндегі жазылуы бірдей әріптердің басым көпшілігі орыс және қазақ тілдерінде әртүрлі айтылады».
Келесі бір ғалымдар тобы «тілдің сақталып, ары қарай дамуы үшін ақпараттық технологияларды да есепке алу қажеттігін» айтады. Қазақ тілінің әліпбиі ақпараттық технологиялар тілінің әліпбиіне (латын әліпбиіне) жақындағанда, аралық алмасымдар (бағдарламалық транслитерациялар – бір әліпбиден екінші әліпбиге көшулер) тиімдірек болатыны даусыз. Өйткені бұл сақтау жадын үнемдейді және өңдеу мерзімін қысқартады, сондай-ақ, экономикалық жағынан да тиімді дегенді алға тартады. Дегенмен, техникалық жақтан таңба бірегейлігін сақтау үшін тілдің өз заңын бұзуға жол берілмеуі керек. Бұл орайда тілді техникаға емес, техниканы тілге бағындыру басты талап ретінде қойылуы шарт. Төл жазуды сол талапқа сәйкестендіру жолдарын қарастыру аса маңызды болып саналады. «Қазақ тілінің грамматикалық жүйелілігі, семантикалық сыйымдылығы мен морфологиялық жағынан айырықша болуына байланысты, ол шағын тілдік ақпаратты сақтау және тиімді өңдеу үшін ыңғайлы әрі өте перспективалы тіл болып табылады. Сондықтан қазақ тілінің латыннегізді әліпбиге өтуі оның компьютерлік ортаға табиғи түрде енуін қамтамасыз етеді, трансляторлар жасап, оларды қолдану үшін қазақ тілінің негізінде дайын бағдарламалық модульдерді қолдануды жеңілдетеді. Оған қоса, «қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан кімге болса да латын әріптері етене таныс... бұл орайда бүгіндері жазудың ең тиімді құралына айналған, миллиондар пайдаланатын компьютердің түйметақтайшасын жетілдіреміз».
Олай болса, тіл білімінің функционалдық парадигмасы контексінде терминология мәселесінің жаңа әліпбимен байланысты туындаған проблемаларын кешенді қарастыру бұл бағыттағы көптеген міндеттерді түбегейлі шешуге келіп саяды. Соның бірі – ұлттық терминологиялық жүйе қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде терминдерді жаңа әліпбидің бар мүмкіндіктерін пайдаланып, сауатты әрі ана тілінің заңдылықтарына сай жазу үдерісіне ерекше мән беру, ол үдерісті ұлттық сананың жаңғыруымен сабақтастықта жүйелеу.
Біріздендіру, бірегейлендіру мәселесі шашыраңқы, түсініксіздік, жүйесіздік орын алған кез келген құбылыс үшін қажетті болып саналады. Ш.Құрманбайұлы сондай саланың бірі – ұлттық терминологияны біріздендірудің бес сатысын айқындап көрсеткен болатын:
- белгілі бір тар мамандықтың шеберінде біріздендіру;
- нақты бір сала шеңберінде біріздендіру;
- ұлт тілінің шеңберінде біріздендіру;
- туыстас тілдер шеңберінде біріздендіру;
- тіларалық, ұлтаралық байланыстар шеңберінде біріздендіру;
- халықаралық байланыстар шеңберінде біріздендіру.
Ғалымдардың бір тобы рухани мәдениеттен таралуға тиіс ғылыми терминдерді «қазақыландырып жазу» талабын қолдаса, екінші бағыттағылар қазақ ғылыми тілінің басым пайызын құрайтын халықаралық стандарттағы терминдердің қазақша баламаларын жасауға бетбұрысты, терминдерді «қазақыландыру» үрдісін – «солақай» немесе «пуристік бағыт», «әлемдік өркениеттен алшақтау», «ұлттық жырақтық» деп сипаттайды. Бұл – біржақты түсінік. Қазіргі заманда кез келген өркениетті мемлекетте ұлттық терминологиялық жүйенің қалыптасуы мен оны жазу нормаларын нақты белгілеу – қоғам мен тіл арасындағы байланыстан, ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің тоғысуынан, танымдық негіздерімен сабақтасуына мән беруден туындайтын, ғаламданудың бір бөлшегі болып саналатын жаңаша дамудың заңды үрдісі. Нақты айтқанда, ол ғылыми түсініктерді белгілейтін тілдік құралдардың атауларын қалыптастыруда ұлттық ұғымды арқау етіп, қазақ терминдерінің төл тілдік баламаларын жасаудың, ғылым тілін қазақша «сөйлету», қазақша жазу әрекетінің барысындағы үрдістің жаңаша даму деңгейін көрсетеді. Сондықтан терминдерді «сындырып» жазу барысында аталымдар жарыспалылығының, емлелік ала-құлалықтардың, тіл нормасынан ауытқушылықтың, тілді пайдаланушылар тарапынан ұсыныстардың, сыни пікірлердің айтылып жатуы – заңды құбылыс. Мұның себебін академик Р.Сыздық «термин жасау мәселесінің құрылымдық-тілдік және ұғымдық-семантикалық екі жағы болатындығының ескерілмеуінен» деп санайды.
Кірме сөздерге қатысты жазуды біріздендіру мәселесіне қатысты Қ.Күдеринованың пікірлері де назар аударарлық. Ғалым «Латын қарпі: сарабдалдық қажет» атты мақаласында: «Халықаралық терминдер де қазақ тілінің үндесіміне бағынып жазылады. Олай етпесе, орыс тілінің орфографиясына жүгіну тағы жалғасады. Қазіргі терминдердегі жұрнақтардың көбі орыс тілі арқылы енген латын тілінің суффикстері екені белгілі. Ал, жаңа қазақ жазуында терминдерді түпнұсқа тілдегі жазу бойынша таңбалаған жөн. Ол түрік тіліндегі терминденуге де сәйкес келеді. Мысалы, түрік тіліндегі филологиялық терминдер не аударылады, не түпнұсқаға жақындатылып жазылады. Қазақ тіліндегі жазу да осы ұстанымды басшылыққа алу керек... Жалпы ендігі қазақ жазуы латын графикасындағы өзге түркі тілдерімен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін жеңілдету және бірегейлендіру бағытында болуы керек», -деп тұжырым жасайды. Олай болса, қазақтың латын негізді жазуында жұрнақтар -ция, - изм түрінде емес, -sion, - ism болып жазылуы және айтылуы тиіс деп ой қорытуға болады. Ғалымның бұл пікірін түркітілдес халықтардың әліпбиін бірегейлендіру бағытында ұстануға толық болады
Әліпбиді бірегейлендіруде уақыт факторы да маңызды орын алады. Мысалы, латын негізді әліпбиді қолданғанда, оның түсініктілігі мен тиімділігі әріптердің бірыңғайландырылып, көзшалымдық, қолшалымдық тұрғыдан жеңіл болуымен тікелей байланысты.
Сонымен, жаңа әліпбиді бірегейлендіруде оның ұлттық, түркілік және халықаралық байланыс деңгейіндегі ерекшеліктердің ескерілуін, жазу жүйесінің бірегейлендірілуін ұлттық жазудың тиімділігін арттыруға оң ықпал ететін ең басты факторлар деп санауға болады.
Ф.Оразбаева,
Ж.Дәулетбекова
Арнайы Ұлт порталы үшін