Фото: Рауан Кенжеханұлының жеке мұрағатынан
QAZAQ TILI Endowment қорына 500 млн теңге жиналды. Бұл туралы Сенатта Qazaq Oxford Dictionary сөздігінің таныстырылымында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің әрі қарай тыныс-тіршілігіне демеу көрсететін, негіз болатын Endowment деген қор құрылды. Қорға Мемлекет басшысы бірінші болып өз қалтасынан жарна салды. Сол жолмен қазіргі уақытта кәсіпкерлер, қоғам өкілдері қаражат аударып жатыр. Бүгінде жарты млрд теңгедей қаражат жинақталды. Ол қаражат жұмсалмайды, басқарылады. Осы арқылы қор біздің күнделікті қызметімізге, түрлі жобаларымызға негіз болады», - деді ол.
Қоғамдық бірлестік президентінің атап өтуінше, мұндай қор әлемнің көптеген елінде бар.
«Мәселен, Түркияда «Тіл» қоры бар. «Тарих» қоры да жұмыс істейді. Ұлыбританияда British Council, испан тілін қолдаумен айналысатын Сервантес институты, Қытайда Конфуций институты, Ресейде «Руский мир» қоғамдық қоры бар. Сондықтан осы тәжірибені Қазақстанға әкеліп, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігіне енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қолдау көрсетіп жатқан азаматтар аз емес. Бірақ, біздің ойымызша, бұл - үлкен бастамалардың алғашқы қадамы ғана», - деді Рауан Кенжеханұлы.