Жамбыл облысында Атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында барлығы 5 171 жеке кәсіпкер болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
АӘК алған жеке кәсіпкерлер ішінде 259 кәсіпкер кәсібін атаулы әлеуметтік көмек ала салып тоқтатқаны анықталған. Алайда бұл кәсіпкерлердің тізімі облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолданған. Қазіргі кезде табысы жайлы жалған ақпарат берушілермен күрес жүргізілуде.
Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовтің айтуынша, бүгінде өңірде 37 149 отбасына, яғни 164 559 адамға 12,3 миллиард теңге көлемінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек берілген.
«Бұл мақсатқа жыл соңына дейін барлығы 21,3 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 20 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлінеді. Қазіргі уақытта 253 679 адамнан 47 418 өтініш қабылданды. Бұл – жалпы халық санының 22,5 пайызын құрайды», - дейді басқарма басшысы Тимуржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, уақыт өте келе жалған ақпарат беріп жәрдемақы алғанжар анықтала бастаған.
«Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың облыстағы динамикасына қарасақ, жәрдемақы алған отбасылар саны сәуір айында 8 550, мамыр айында 10 568-ді құраса, маусым айында қайтадан 5 565 отбасына азайды. Яғни, уақыт өте келе жалған ақпарат бергендер анықтала бастаған. Енді атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде кімдер алады деген сауалға тоқталсақ. 1 қазаннан бастап, құжаттарын тапсыратын азаматтардың ішінен жан басына шаққандағы табысы 18 203 теңгеден аспайтындар ғана қаралады», - дейді Тимуржан Нұрымбетов.