Сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында су тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңа су қоймаларын салу қажет деп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Депутат бұл тақырыпты ел Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында көтерді.
Сенатордың айтуынша, суару суының жетіспеушілігіне байланысты трансшекаралық проблемалар өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына, демек, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде.
«Жамбыл өңірінде ирригациялық мақсаттар үшін пайдаланылатын су ресурстарының 85 пайызы Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасады. Сол себепті, вегетация кезеңінде 1983 жылы қабылданған «Трансшекаралық Шу және Талас өзендері ағындыларының суын бөлу туралы» келісімінің шарттарына және оның екінші тараппен орындалуына тәуелді болып келеді. Аталған келісімге сәйкес, өңірге Шу өзенінің бассейні бойынша 370 млн текше метр және Талас өзені бойынша 590 млн текше метр су тиесілі. Дегенмен, қырғыз тарапының бекітілген кестелерді сақтамауына байланысты, Қазақстан жыл сайын Шу өзенінен 50 пайызға дейін, Талас өзенінен 25 пайызға дейін суды ала алмайды»,- деді сенатор.
Биыл Шу және Талас өзендері бассейндеріндегі қар қорының аздығынан тапшылықтың артуы мүмкін екені жағдайды қиындатып отыр.
«Барлық су қоймаларының техникалық-экономикалық негіздемелеріне мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Алайда, салалық министрлікпен тиісті өтінімдер жолданғанымен, бүгінгі күнге дейін оң шешімін таппай отыр. Су қоймаларын салу тек вегетациялық кезеңде Қырғыз Республикасына тәуелділікті азайтып қана қоймай, Жамбыл облысының Қордай, Меркі, Байзақ, Жамбыл және Талас аудандарында ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуіне үлкен әсерін береді, сондай-ақ, осы аудандардың тұрғындары арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге де көмектеседі»,- деді депутат.
Сенатор сонымен қатар, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, өндірістің рентабельділігі 30 пайыздан асып, жалпы өнімнің өсімі шамамен 17 млрд теңгені құрайтындығын және 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсаруы күтілетінін атап өтті.