Фото: Видео скриншоты
Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Жамбыл мектебіне емші келген соң бірнеше лауазымды тұлға қызметінен кетті. Бұл туралы Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі хабарлады.
"Т.Рысқұлов ауданы Жамбыл атындағы мектеп ұжымының қатысуымен іс-шара өткізу фактісі бойынша Жамбыл облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті арнайы тексеру жүргізді", - делінген хабарда.
Оқиға орнында білім, ақпарат және қоғамдық даму басқармалары қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы да болды.
"Т. Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Ә. Терлікбаев, Жамбыл атындағы мектеп директоры Э.Зәкімбаева өз өтініштері бойынша қызметінен босатылды.
Т. Рысқұлов ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы мен Тереңөзек ауылдық округі әкіміне "қатаң сөгіс" түріндегі тәртіптік жаза қолданылды", - делінген хабарда.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында мектепке бақсыны шақыруға мұғалімдерден ақша жиналған еді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жайтқа қатысты пікір білдірген болатын. Оның сөзінше, мұндай жағдайларға қатысты білім мекемелеріне қатаң ескерту жасалған.