15 ақп, 2022 сағат 11:28

Жамаубаев: Ұлттық компаниялардың бір көзден сатып алу тәсілін қысқарту жалғасады


Ұлттық компаниялардың бір көзден сатып алу тәсілін қысқарту жалғасады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қорын қоса алғанда ұлттық компаниялардың сатып алуын реттейтін Заң қолданысқа енгізілді. Ұлттық компанияларда бір көзден сатып алудың 12 негізі, ал қор бойынша 10 негіз қысқартылды. Ұлттық компаниялардың сатып алулары толығымен автоматтандырылып, мемлекеттік сатып алу тәсілдеріне барынша сәйкестендірілді. Бүкіл процесс айқын және барлығына қолжетімді. Ұлттық компаниялар мен қордың бір көзден сатып алу тәсілін қысқарту бойынша іс-шаралар жалғасатын болады», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, «Самұрық-Қазына» қорының Сатып алу тәртібін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде. 

«Бұл ретте, холдингішілік кооперация шеңберінде сатып алуды алып тастау ұсынылуда. Сонымен қатар ашықтықты күшейту, бір көзден алу тәсілімен сатып алуды қысқарту, мемлекеттік сатып алу тәсілдері мен рәсімдері мен тәртіпті үйлестіру, сондай-ақ артық сілтеме жасамай, олардың бір құжатпен реттеуді белгілеу тұрғысынан тиісті ұсыныстар берілді. Қор сатып алу порталының ақпараттық толымдылығын, сондай-ақ онлайн режимінде шағым беру мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Қормен бірлескен жұмыс жалғастырылуда», - деді Ерұлан Жамаубаев.