үркістан облысында жалған медициналық құжаттарды жасап, сатқан 3 азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрліктің Тергеу департаментіне қарасты әскери тергеу басқармасы Түркістан облысында жалған медициналық құжаттар жасаған 3 азаматты ұстады. Олардың арасында Сарыағаш аудандық ауруханасының медбикесі де бар. Дәрігер «COVID-19» індетінің өршіп тұрғанына қарамастан Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасынан өтушілерге жалған медициналық құжаттар жасап, ұсынған. Анықталғандай ұсталғандар қазақстандық медицина мекемелерінің атынан жалған түрде ем алуға шақырту құжатын әзірлеген және оны 3-8 мың теңге аралығындағы бағаға сатқан. Қолдан жасалған құжат медициналық мекеменің шақыруымен келемін деген желеу арқылы Қазақстанның аумағына өтуге рұқсат үшін жасалған» ,- деді ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Берікқызы ҚР ІІМ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тергеу барысында күдіктілерден мөр қойылған 1266 медициналық бланк табылды.
«Бүгінде ҚР ҚК-нің 385 бабына сәйкес, «жалған құжаттар жасау» деген айыппен сот алды тергеу шаралары жүріп жатыр. Осы орайда ІІМ жалған құжат әзірлегені үшін азаматтар 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылатынын және оны пайдаланғаны үшін 40 күнге дейін қамауға алынатынын ескертеді», - дейді ол.