09 ақп, 2021 сағат 23:25

Жақыныңды қорғау үшін вакцина алудан қорқудың қажеті жоқ – емхана директоры

Атырау облысында 1-8 ақпан аралығында «Спутник V» вакцинасын 833 адам алды. Оның ішінде медицина саласының 794 қызметкері бар. Солардың қатарындағы №7 қалалық емхананың директоры Гүлнафис Таңбаева вакцина салдырғаннан кейінгі өзінің көңіл-күйі және вакцинацияның маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметінше, №7 емханада 250-ден астам адам жұмыс істейді. Қазір олардың 10%-дан астамы вакцина алып үлгерген. 

«Медицина саласында жұмыс істегеніме 25 жылға жуықтады. Осы кезеңде халықтың денсаулығын сақтау, түрлі аурудың алдын алу үшін де, медицина ісін ұйымдастырушы ретінде де тұрғындармен тығыз байланыс орнатып келемін. Өйткені, өзге салаларға қарағанда медицина қызметкерлері адамдармен көбірек араласады. Созылмалы ауруы бар жандар, жалпы тұрғындар дәрігерлерге көбірек жүгінеді», - дейді Гүлнафис Таңбаева.

Оның айтуына қарағанда, пандемия тіркелген күннен бері халықтың дәрігерлерге деген сенімі арта түскен. Коронавирус инфекциясы дендеп, науқастар қиналған сәтте алдымен дәрігерлер күні-түні мігірсіз еңбек етті.

«Қауіпті вируспен бетпе-бет күрескен дәрігерлер де, орта буын қызметкерлері де инфекция жұқтырды. Бірақ, медицина қызметкерлерінің міндеті – науқастың өмірін сақтап қалу. Әрине, бірінші толқын кезінде індеттен қорғайтын вакцина болмады. Соған қрамастан, саланың барлық қызметкері індетке шалдыққан жандардың өмірі үшін күресті. 

Кез келген инфекцияны тоқтатудың да, оның алдын алудың да бір жолы – вакцина салдыру. Вакцина алдымен инфекциядан қорғайды. Сол себептен, өзім вакцинаны алғашқылардың қатарында алдым. Неге? Өйткені, өзімді, отбасым мен айналамдағы әріптестерімді, емханалаға келетін адамдарды қауіпті вирустан қорғауым қажет. Сондықтан, жақыныңа, жаныңда жүрген жандарға жанашыр болу үшін вакцина алудан қорқудың қажеті жоқ», - деген ойымен бөлісті Атырау қаласындағы №7 емхана директоры Гүлнафис Таңбаева. 

Дәрігердің пікірінше, осы орайда әр адам қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл – қауіпті вирусты таратпау. 

«Бұл үшін тағы да қайталап айтайын, вакцина алудан қорықпай, ерікті түрде салдырған жөн. Вакцинадан кейін өзімде де, әріптестерімде де жанама әсер болған жоқ. Күнделікті жұмысыма келіп жүрмін. Әріптестерім де жұмысынан қалған жоқ. Демек, вакцинаның адам ағзасына кері әсері жоқ деуге болады» - дейді ол.