Әділбек Жақсыбеков пен Қайрат Шәріпбаев «QazaqGaz» директорлар кеңесінен кетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" компанияның ресми сайтына сілтеме жасап.
"Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының 2022 жылғы 18 ақпандағы шешіміне сәйкес «QazaqGaz» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Осы шешімге сәйкес Әділбек Жақсыбеков, Қайрат Шәріпбаев және Мәлік Сәулебайдың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды", - делінген компания хабарламасында.
Ернат Бердіғұлов пен Николай Казутин компанияның директорлар кеңесінің мүшесі болды. Сондай-ақ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің жаңа төрағасы болып Ернат Бердіғұлов сайланды.
"Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Директорлар кеңесі төрт адамнан тұрады: Е.К. Бердіғұлов, Н.Ю. Казутин, А.А. Нұрғазиев, С.Ж. Жаманбалин" - делінген компания мәліметінде.
Айта кетейік, Әділбек Жақсыбеков бұл қызметке 2020 жылы қарашада тағайындалған.
Ол әр жылдары Қазақ КСР-і Мемлекеттік кино және Мемлекеттік жабдықтау жүйелерінде жұмыс істеді, бірқатар кәсіпорынға жетекшілік етті. 1988-1995 жылдары "Цесна" көпсалалық корпорациясының басшысы болды. 1995 жылы Парламент Сенатына сайланды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды. 1997-2003 жылдары Астана әкімі, 2003-2004 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрі қызметтерін атқарды. Содан кейін төрт жыл бойы ҚР Президенті Әкімшілігін басқарды. 2008 жылдың қаңтарынан қазанына дейін "Нұр Отан" ХДП төрағасының бірінші орынбасары - ҚР Президентінің кеңесшісі болды.
2008-2009 жылдары Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі болып жұмыс істеді. 2009-2014 жылдары қорғаныс министрі қызметін атқарды. Осы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.
2014 жылғы 22 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының (бұрынғы Астана) әкімі болып тағайындалды.
2016-2018 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болды.