Түркістан облысының Ордабасы ауданында коронавирус жұқтырған науқастардың бәрі жазылып шықты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралардың нақты нәтижесі туралы айтар болсам, коронавирус инфекциясының таралуы күннен күнге төмендеп келеді. Сәйкесінше, медициналық мекемелердің жүктемесі азайып жатыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2020 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша елімізде провизорлық емдеу орындары мен стационарларда 17 798 төсек-орын болды. Ол кездегі жүктеме 57 пайызды құраған. Қазір ауруханаларда жатын орындардың саны 37 мың, жүктеме 29 пайызға дейін азайды. Қуаныштысы, кейбір өңірлерде науқастар түгел жазылып шығып, аурухана бос тұрған жағдайлар бар», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Мәселен, ресми өкілдің айтуынша, Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы инфекциялық бөлім қазіргі уақытта бос тұр. Яғни, Ордабасы ауданында коронавирус індетімен ауырып жатқан науқас жоқ.
«Ал жедел жәрдемге түсетін хабарламалар көлемі аймақтарда айтарлықтай азайған. Өткен аптада Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят халық ең көп шоғырланған Шымкентке жұмыс сапармен барып келді. Онда 5 аптаның ішінде ауруханалардағы емделуге арналған жатын орындардың жүктемесі 60 пайызға дейін төмендеген. Мұндай жағымды нәтижелер еліміздің барлық өңірінде байқалады. Бірақ, жағдай жақсарды екен деп сақтық ережелерін бұзуға болмайды», - деді Бағдат Қожахметов.