13 шіл, 2020 сағат 10:53

Жадыра Дәрібаева: Мұндай қайғы енді қайтып болмасын

Бүгін жалпыұлттық аза тұту күні. Осыған қарай ақын, «Құрмет» орденінің иегері Жадыра Дәрібаева коронавирус инфекциясынан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл індет өте қиын болды. Ауыл-аймақтағылар хабарласып, көмек сұрап жатыр. Олардың шырылдаған үні, жанайқайы Үкіметке жетіп, шаралар қабылданып жатыр. Дәрігерлер тапшылығы бар, бірақ бар шама-шарқы жеткенше күресуде. Дегенмен бәрі баяу жүріп жатыр, сондықтан билік тарапынан үлкен шара қолдану керек», - дейді ақын Жадыра Дәрібаева. 

Ол бұл індет жастардың да өмірін қиып жатқанын айтты. 

«Онсыз да саны аз қазақстандықтардың індет салдарынан өмірден озып жатқаны жүрегімізді ауыртады. Ең қиыны - 40-50 жастағы адамдар да дертті жеңе алмай, ажал құшуда. Қаза тапқандардың жаны жәннатта болып, алдынан жарылқасын. Олардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Мұндай қайғы енді қайтып болмасын деп тілеймін», - дейді ол.