16 нау, 2021 сағат 11:35

Зейнетке шығарда волонтерлікті еңбек өтілі ретінде есепке алу ұсынылды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет волонтерлерді ынталандыру шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күн тәртібіне волонтерлерді ынталандыру мәселесі қойылды. Осы мақсатта заң шығару жұмысы жүргізілуде, онда жоғары оқу орындарына, арнайы-орта білім беру мекемелеріне түсу және азаматтық қызметке кіру кезінде басымдық алу бөлігінде волонтерлердің құқықтарын кеңейту ұсынылып отыр. Сонымен қатар, зейнетке шығар кезде волонтерлік қызмет өтілін есепке алу, мемлекеттік мүлікті алуға жеңілдіктер ұсыну мәселесі қарастырылуда», - деді Мадияр Қожахмет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен бірге, Волонтер жылы аясында алғаш рет «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалған. Өткен жылы оны Қазақстан, Ресей, Қырғызстаннан келген 48 белсенді волонтер алған. 

«Волонтерлік бойынша толық ақпарат QazVolunteer.kz бірыңғай платформасында бар. Волонтерлікпен айналысқысы келген азаматтар тіркеле алады, өйткені көптеген шаралар сол платформада көрсетілген, ұйымдасқан топпен жұмыс істеуге де мүмкіндіктер бар. Қазіргі уақытта 47 мыңдай азамат пен 3 мыңдай ұйым осы платформаға тіркеліп, өз шаралары туралы хабарламаларды жариялайды», - деп толықтырды Мадияр Қожахмет.