15 ақп, 2021 сағат 19:44

Зейнетақының бір бөлігін үлескерлік құрылыста қалай пайдалануға болады?

Зейнетақының бір бөлігін үлескерлік тұрғын үй құрылысы үшін қалай пайдалануға болады? Салымшылар бетпе-бет келген бұл мәселенің мән-жайын «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрине, үлескерлердің ақшасына салынып жатқан үй әдеттегі үйлерден арзан болады. Біздің ережелерде ол үйлерді алуға мүмкіндік бар. Алайда бұл ретте бір талабымыз бар – салынып жатқан нысанда Бірыңғай оператор – Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болуы керек», - деді Ләззат Ибрагимова BaigeNews.kz порталының YouTube-арнасындағы сұхбатында.

«Отбасы банк» бұл шектеу неліктен енгізіліп отырғанын түсіндіріп берді.

«Жеке нарық 25 жылдың ішінде қалай дамығанын көрдік. Ең күрделісі де осы үлескерлік құрылыс жағдайында кездесті. Үміті үзіліп, сенімі жоғалған үлескерлерді Қазақстанның қалаларынан әлі де кездестіруге болады. Шулы сценарийлер қайталанбас үшін мемлекет кепілдік берген нысандардан ғана үй алуға мүмкіндік жасап отырмыз. Өзіңіз ойлап қараңыз: сіз үлескер ретінде алдын ала ақша салып, үй сатып алсаңыз, тек құжатын ғана алатыныңызды ескеріңіз. Ал ол үйіңіздің тіпті қабырғасы да тұрғызылмауы мүмкін. Ал мен айтып отырған жағдайда нысан құрылысының аяқталуына мемлекет кепілдік береді», - деді ол.