Зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім берген 80 мың адамның 20 мыңы баспананы ипотекасыз, тікелей сатып алған. Бұл туралы «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ләззат Ибрагимова зейнетақының бір бөлігін пайдалану арқылы алынатын үйдің бағасы, дәстүрлі жолмен сатып алынған баспанаға қарағанда қымбатырақ болатыны туралы ақпаратқа жауап берді.
«Әрине, мұндайды біз қолдамаймыз. Әлеуметтік желілер арқылы көп ақпарат тараттым. Ақылға шақырдым. Біз бүгінге дейін жұмысты аяқтаған 80 мың өтінімнің ішінде 40 пайызында азаматтар қарызын жапты. Яғни 30 мың қарыз алушы берешегін жабу үшін зейнетақының бір бөлігін пайдаланып үлгерді», - деді Ләззат Ибрагимова BaigeNews.kz порталының YouTube-арнасындағы сұхбатында.
Клиенттер ипотекалық қарыздарының 50 пайызын коммерциялық банктерде жапса, қалғаны «Отбасы банктегі» берешегінен құтылған.
«Бір қызығы, бәрі де ипотекалық өтінім орасан зор деңгейде көбейіп кетеді деп ойласа керек. Алайда, шынтуайтында, 20 мың өтінімнің иесі зейнетақының бір бөлігін пайдаланып, үйді тікелей сатып ала алады. Бұл дегеніңіз азаматтардың біразында ипотеканы пайдаланбай-ақ үй алуға мүмкіндігі болғанын білдіреді. Біз зейнетақының шекті сомадан артылған бөлігін қолма-қол ақшасыз, сатушыға немесе құрылыс компаниясына жолдаймыз», - деді ол.