«Отбасы банкінде» зейнетақының бір бөлігін аударуға арналған 60 мыңға тарта арнайы шот ашылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мен ерекше атап өтер бір мәселе: егер сіздің зейнетақы жинағынан алатын қаражатыңыз жетіп тұрса, сол ақшаны толығымен (үйді алуға) пайдалана аласыз. Яғни ипотеканы пайдаланбай-ақ қойсаңыз да болады. Сату-сатып алу келісімі бойынша бірінші және екінші нарықтан да баспана алуға болады. Ауылдан да, қаладан да үй алуыңызға жол ашық. Тіркелген жеріңізге қатысты ешқандай шектеу жоқ», - деді Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша бүгінге дейін 60 мыңға тарта арнайы шот ашылған. Онлайн платформаға өтінім беру кезінде өзіңіз үшін де шот аша аласыз.