Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағындағы «жеткіліктік шегіне» қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жеткіліктік шегі деген не?» және ол қалай есептелетініне тоқталайын. «Жеткіліктілік шегі» белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинақтарының ең аз қажетті сомасы дегенді білдіреді. Оның есебіне тоқталсақ, әркімнің өз жасына белгіленеді. Ол азамат зейнет жасына дейін тұрақты түрде жарнаны кемінде ең төменгі жалақыдан аударып отырған жағдайда, зейнетке шыққаннан кейін 82 жасқа дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінде алуға мүмкіндік беретін сома, қаражаттың көлемі. Сол қаражат бар болса, оның асқанын азамат ала алады», - деді министр.
Сонымен қатар ол «жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлерін түсіндірді.
«Біз бұл жолы әйелдер мен ерлер үшін бірдей көрсеткішті белгілеп отырмыз. Екіншіден, «жеткіліктілік шегінің» мөлшері жыл сайын есептеліп отырады. Бұл қалыптасқан параметрлер жинақтаушы қорында кірістілікке, инфляцияға қарай және ең төменгі төлем мөлшерінің өзгеруіне қарай есептеліп отырады. Сонымен қатар, «жеткіліктілік шегінің» мөлшері әр жасқа бөлек белгіленеді, 20 жастан бастап есептеледі», - деді Б. Нұрымбетов.
«Алдын ала есептеу бойынша, мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін 5 млн 586 мың теңге қажет. Бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы елдегі орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді», – деп түсіндірді министр.