БЖЗҚ-ға салымшыларының алғашқы 50 мыңының арнайы шотына таяу күндері ақша аударылады. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БЖЗҚ порталы мен біздің банктің порталына бүгінге дейін 80 мыңнан астам өтініш түсті. Оның ішінде 50 519 өтініш иесі туралы айтар болсақ, қазір олар жеке кабинетіне кірсе, онда БЖЗҚ өтінішін қарауға қабылдағаны туралы жаңалықты көре алады. Қарау мерзімі 3-тен 5 күнге дейін созылады. 50 мың салымшы іс жүзінде бірінші кезеңнен өтті. Олардың өтініші арнайы шотқа ақша аудару сатысында тұр. Оның 8 мыңы - кеше сағат 16:00-ге дейін өздерінің арнайы шоттарындағы ақшаны көрді. Бұл мобильді қосымшада көрініп тұр», - деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.
Ол сонымен қатар БЖЗҚ-ның өтінімді қабылдағаны туралы статусты көрген азаматтар өзінің арнайы шотындағы соманы көре алатынын, ол үшін Тұрғын үй жинақ банкі мобильді қосымшасына кіруі керектігін ескертті.
Еске салсақ, 2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.
23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды.