Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері сұраусыз қалған 675 мың зейнетақы шоттарының иелерімен байланыс орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл бір жыл және одан да көп жылдардан бері жарна түспеген қараусыз қалған шоттар.
«Олардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жұмыссыздар, сондай-ақ зейнетақы жарналарын уақытша аудармағандар: үйде бір жылдан астам уақыттан бері декреттік демалыста отырғандар, тәжірибе жұмысындағылар, тағылымдамадан өтушілер, үй шаруасындағы әйелдер, мүгедектігі бар адамдар, әскери қызметшілер мен сотталғандардың шоттары бар», – делінген БЖЗҚ тартқан хабарламада.
Қор мамандары түсіндіру жұмыстары аясында салымшыларға міндетті зейнетақы жарналарын аударудың маңыздылығын түсіндірді. Соның арқасында 128 мың жеке зейнетақы шотына жалпы сомасы 4 млрд теңгеге 523 202 жарна келіп түсті. Сонымен қатар, қор соңғы жылдары шоттарына зейнетақы жарнасын аудармай жүрген салымшыларды іздестіру жұмыстарын одан әрі жалғастырып жатыр.