Фото: Айжан Алхабек
Жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы Ult.kz-те.
Елімізде биыл зейнет жасы өзгермейтіні белгілі болды. Ерлер зейнетке 63 жаста, әйел адамдар 61 жаста шығады. Біреулер зейнетке ертерек шыққысы келіп, зейнет жасы ұлғаюына қатысты реніштерін білдірсе, кейбір ересектер қызметте ұзағырақ болғысы келеді. Бүгінде зейнет жасына қарамастан қызмет істеп, табыс тауып жүргендер баршылық. Мұндай үрдіс әлем бойынша кең таралған.
Әлемде қалай?
АҚШ-ғы қариялар жәрдемақы көлемінің аздығынан, елдегі медициналық қызметтің қымбаттығынан қосымша табыс табуға мәжбүр. Ал Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай секілді қартаюшы мемлекеттерде жастар аз, халқының басым бөлігі қарт адамдар. Бұл елдердегі билік қазірден бастап жұмыс істеп жүрген жастардан бюджетке келетін кіріс тек зейнет жасындағыларға зейнетақы төлеу үшін кетеді деп алаңдайды. Осы себептен өмір сүру ұзақтығы жоғары елдерде зейнет жасындағы адамдардың қызмет етуіне оң қарайды. Тіпті осы мәселені шешу үшін Жапония мен Германияда пайда болған зейнет жасындағыларды жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік бағдарламасына көп ел қызығушылық танытып жүр.
Жастары үлкен қала, дамыған мемлекеттерге кеткен Германия, Италияның да мәселесі осы. Жұмыс күші тапшылығынан зейнет жасындағы адамдарға өз қызметтерін жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған. Әсіресе жарты күндік қызмет түрі зейнеткерлер арасында өте жиі кездеседі.
Алайда әлемдік тәжірибеде зейнет жасындағылардың жағымды себептермен де қызметтен қалмайтыны бар. Мәселен Қытайда жастардың тапшылығынан бұрын, үлкендердің «жер қойнауына кіргенше өзінің соңынан шәкірт тәрбиелеп, бар шеберлігін кейінгі ұрпаққа үйретіп кету парыз» деп саналатын ұлттық түсінігі бар. Сондықтан ол елдің үлкендері ірілі-ұсақты кәсіпте болсын, мейлі өнер-білім саласында болсын табыс үшін емес, өзінің парызын орындап, ізбасар тәрбиелеу мақсатында жүреді.
Әлемдегі ең бақуатты саналатын Скандинавия мемлекеттерінде де зейнет жасындағылар қызметтерін жалғастыруға тырысады. Жұмыстан қалмай, күн сайын велосипедпен жұмысқа барып келудің өзін ең бақытты елдердің қариялары «ең алдымен денсаулық үшін пайдалы» деп біледі. Одан бөлек бұл ересектер баладан, өзгеден толық қаржылай тәуелсіз болуды көздейді.
Фото: Айжан Алхабек
Қазақстандықтар қарттықты қалай қарсы алады?
Біздің елдегі жағдайға келер болсақ зейнет жасындағы кісілерді қызмет істеп, табыс табуға түрлі себеп итермелейді екен.
Жанар ханым, 65 жаста:
«Бар ғұмырымды мектепке, ұстаздыққа арнадым. Зейнет жасы келгенде директорға сұранып, тағы екі жылға мектепте қалдым. Ол уақыт өтіп, мектеппен қоштасқаннан кейін де үйде отыра алмадым. Үйде отырмаудың амалын іздеп, репетитор қызметін атқарып жүрмін. Зейнетақым жетпегендіктен емес, әзірге өмірімді басқаша елестете алмағандықтан мүмкін...»
Сәуле ханым, 67 жаста:
«Былайша ресми қызметте болмағаныма көп болды. Бірақ пенсияға шықсам да табыс табуды тоқтатқан емеспін. Дүкенде сатушымын. Үйге, той жасауға алған несиелеріміз бар. Күйеуіміз екеуміз екі жақтан жұмыс істеп сол қарыздарды жабумен жүрміз. Балалардың мойнына іліп қойған дұрыс болмайды. Жұмыстың оңай қиындығы болмайды ғой. Әзірге жарап тұрмыз. Денсаулығымыз жеткенше жасай береміз».
Рабиға ханым, 64 жаста:
«Жолдасым екеуміздің зейнетақымыз баратын қонақтық, бата оқу секілді шығындардан аспайды. Сол себепті екеуміз де қосымша жұмыс істейміз. Менің табысым көп емес. Жұмысы да ауыр емес. Қызметіме әдемі киімдерімді киіп, асықпай жаяу барып, келемін. Үйде де сол көрінбейтін тірлік. Одан да қосымша табыс болсын. Өзімнің керегіме, немерелеріме беріп тұруға жарайды».
ПАЙЫМ
Байқағанымыздай қай елде болмасын зейнет жасындағы үлкендер бәрібір қызметін жалғастыруға қабілетті, қуатты. Олар үшін жарты күндік қызмет немесе жұмыс уақытының икемді кестесі болса қосымша табыс олар үшін ешқалай артық емес. Тек біз зейнетақы ала отырып, өз бетімен қосымша қызмет істеуге ниетті ересектерді қолдап үйренгеніміз абзал. Әдетте бұл шешімге не түрткі болғанын білмей жатып, «енді бейнетінің зейнетін көрмей ме, не жетпей жатыр?» деп өздерін бір, «бір ата анасын баға алмай...» деп олардың балаларын сөгіп, сырттан тон пішеміз. Зейнет жасында қызметтен қалмай қоғамда өзекті болу, әңгіме дүкен құрар ортасы мен өз ұжымының болуы, саулығы жетіп тұрса физикалық белсенділік ұзағырақ қуатты болуының кепілі, мұның бәрі ең алдымен үлкендердің өздеріне пайдалы екенін ескеруіміз қажет.