23 қыр, 2022 сағат 14:57

Зеленский ресейліктерді наразылыққа шығуға, қашуға немесе украин әскеріне берілуге үндеді


Украина президенті Владимир Зеленский кезекті видеомәлімдемесінде Ресейде жарияланған мобилизацияға қатысты сөз қозғап, ресейліктерге қайырылды, деп хабарлайды Азаттық.

Украина президенті мобилизацияны Ресей билігінің "ондаған жылдар бойы өзге елдің жерін жаулап алуға дайындаған кадрлық армиясының шыдас бермей, тоз-тозы шыққанын ашық мойындауы" деп атады. Оның айтуынша, Украинадағы соғыс ресейліктер үшін ендігәрі интернет немесе теледидардан көретін нәрсе емес.

"Неліктен дағыстандық немесе өзге кез келген азамат Харьков немесе Донецк түбінде опат болуы тиіс? Ресейдегі бір адам барлық азаматтың атынан шешім қабылдады. Ол солай істегісі келеді. Сіздер осы қылмыс, адам өлтіру мен украиндарды азаптау қылмысына атсалысып отырсыздар. Себебі сіз үндемедіңіз. Үндемей отырсыз. Қазір таңдау жасайтын уақыт келді" деді Украина президенті.

Зеленский ресейліктерді наразылыққа шығып күресуге, қашуға немесе Украинаға тұтқын ретінде берілуге шақырды.

Ресей басшысы Владимир Путин 21 қыркүйекте елде ішінара мобилизация жариялап, әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылатынын айтқан. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизация жарлығы аясында 300 мыңдай адам әскерге тартылатынын мәлімдеген.

21 қыркүйекте Ресейдің 38 қаласында мобилизацияға қарсы наразылық өтіп, мың жарымға жуық адам ұсталған. Ұсталғандардың кейбіріне полиция бөлімінде әскери комиссиариатқа шақыру тапсырылған.

Ресеймен көрші елдер шекарасында, оның ішінде қазақ-орыс шекарасында да көлік кептелісі пайда болды. Бұған қоса, визасыз елдерге ұшатын рейстерге билеттер де таусылғаны хабарланды. Әскери комиссариаттан қашқан ресейліктер басқа елдерге кетіп жатыр.