05 нау, 2022 сағат 10:11

Зеленский Киев ұсынысын орындаудан бас тартқан НАТО-ны "әлсіздігі үшін" айыптады


Украина президенті Владимир Зеленский жұма күнгі кезекті видеомәлімдемесінде НАТО-ны "әлсіздігі үшін" кінәлап, ұйым мүшелері арасында бірлік жоғын алға тартты. НАТО Киевтің Украина әуе кеңістігін "ұшпайтын аймақ" жасау (яғни, Украина әуе кеңістігіне кірген барлық ресейлік ұшақтар мен зымырандарды атып түсіру) туралы ұсынысынан бас тартқан, деп хабарлайды Азаттық.

НАТО өкілдері Киевтің ұсынысын орындау іс жүзінде Ресеймен соғысумен пара-пар деп мәлімдеген еді. 

Ал Зеленский бұлайша алаңдауға негіз жоқ, себебі Ресей Солтүстікатлантикалық одақпен қақтығысқа бара қоймайды деп санайды. 

"Бүгіннен бастап опат болған адамдардың барлығы сіздер үшін қаза табады... Бүгін НАТО басшылығы украина қалалары мен елді мекендерін бомбалауға "жол бергендей" болды" деді Зеленский.

Ол "әлсіз" НАТО-ға қарағанда Еуроодақтың әлдеқайда ауызбірлік танытып, Ресейге қатаң санкция салғанын, Украинаға қару-жарақпен көмектескенін атап өтті. 

НАТО елдерінің сыртқы істер министрлері 4 наурызда Украинаның әуе кеңістігін "ұшпайтын аймақ" жасау туралы ұсынысынан бас тартқан. Олар НАТО Ресеймен соғысуға ұмтылмайтынын, егер Киев ұсынысын орындаса сондай қауіп туындайтынын айтқан.

Ресей басшысы Владимир Путиннің сөзіне қарағанда, Украинаның НАТО-ға қосылу ықтималдығы - оның Украинаға басып кіруіне негіз болған себептердің бірі. Путин бұл Ресейге қауіпті деген. Ал Украина билігі кейінгі кезде қауіпсіздік туралы кепілдікке қол жеткізсе, НАТО-ға қосылу жоспарынан бас тартуы мүмкін екенін де айтып келеді. 

Жұма күні күндіз Зеленский Украинаны қолдау акциясы өткен Еуропаның жеті қаласының тұрғындарына онлайн арқылы шығып, сөйледі. Ол Еуропа азаматтарын Украинаны қолдауға үндеген. Ол егер Украина "жеңілсе", келесі кезек Еуропаның өзге елдеріне келетінін алға тартқан.