Украина президенті Владимир Зеленский 14 ақпан күні кешке халыққа үндеу жолдап, 16 ақпанды "Украина халқының бірлігі күні" деп жариялап, бұл жөнінде жарлыққа қол қойдым деді.
- Бұл күні туымызды тік көтеріп, сары-көк лента тағып, бірлігімізді әлемге паш етеміз, - дейді Зеленский.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-тар, соның ішінде немістің Spiegel басылымы 16 ақпан күні Ресей Украинаға шабуыл жасауы мүмкін деген болжамын жариялаған.
"Агрессияға қарсы тұра алатын әскеріміз бар, біздің жігіттеріміздің соғыс тәжірибесі де, қазіргі заманғы қару-жарақтары да жеткілікті. Бұл - осыдан сегіз жыл бұрынғы әскерден әлқайда күшті әскер" деген Зеленский Донбасс пен Қырым дипломатиялық жолдармен қайтарылатынын айтты.
АҚШ пен өзге де елдердің ресми өкілдері осы аптада Ресей Украинаға шабуыл бастауы мүмкін деп болжап отыр. Бірақ Ресейдің басып кіруге тәуекелі жете ме, жоқ па дегенге сенімді емес. Батыс елдерінің жетекшілері дипломатиялық жолмен саяси дағдарысты шешуге мүмкіндік бар деп есептейді.
Ресей Батыстың мұндай болжамын бжоққа шығарып келеді. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу дүйсенбіде Владимир Путинмен кездескенде "ауқымды жаттығу өтіп жатқанын, жаттығу аяқталған соң әскердің бір бөлігі бұрынғы орнына қайтататын" айтқан.