Үкімет запастағы Әскери офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы Қаулы қабылдады. 2022 жылы запастағы офицерлерді іріктеу және шақыру туралы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің аға-офицері, подполковник Берік Айнабеков Ермекұлы айтып берді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Белгілі болғанындай, Үкімет Қаулысына сәйкес 2022 жылы Қарулы күштерге 150 офицер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 40 офицер шақырылатын болады. Бұл офицерлер 24 айға, яғни 2 жылға шақырылады.
«Запастағы офицерлерді шақыру тәртібі, біріншіден, жергілікті басқару органдарымен жүргізіледі. Және әскери бөлімдердің өкілдері қатысады. Біріншіден, офицерлердің жеке істерін қарап, мамандықтарына сәйкес оқып, біліп, кейін оларды әңгімелесуге шақырады. Жалпы, Қарулы күштерге бүгінгі таңда сирек кездесетін мамандар, ол біріншіден, медициналық мамандықтар, артеллерия мамандықтары, авияция-техникалық мамандар және психолог мамандар жетіспейді. Сондықтан жыл сайынғы Қаулыға сәйкес, офицерлер шақыртылып отырады», – дейді Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің аға-офицері, подполковник Берік Айнабеков.
Оның айтуынша, үміткерлерге қойылатын талаптар, біріншіден, денсаулық жағдайы. Одан кейін 29 жасқа дейін және біліміне сәйкес. Ал осы орайда, «әскерге шақырылатын запастағы офицерлер қай жерде қызмет етеді? Және олардың өздері таңдауға мүмкіндік бола ма?» деген сұрақтың туындауы заңды. Дегенмен, әскерге шақырылған офицерлерде таңдау мүмкіндігі болады деп айта алмаймын. Себебі, олардың мамандықтарына сәйкес Қарулы күштердің қай өңірлерді мамандықтарына сәйкес бос орындар болады, соған сәйкес сол жерлерге шақыртылады.
«Дегенмен, екі жыл қызмет еткен офицер әскери қызметін одан әрі жалғастыра алады. Оған Қарулы күштер қарсы болмайды. Оның бірі – өзім, 18 жыл болды әскер қатарында жүргеніме. 2004 жылы үш жылға шақырылғам. Ол кезде Заң бойынша қызмет мерзімі үш жыл болған. 18 жылдың ішінде 4-5 гарнизоннан өтіп, қазір Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Орталық аппаратында қызмет етіп жатырмын. Ең бірінші мәселе, әрбір әскери азаматтың әлеуметтік мәселесі. Яғни, бізде қазіргі уақытта біршама жеңілдіктер қарастырылған. Қазір офицерлер жалақысын алады, сонымен қатар, қазір жақсы жағдайлардың бірі, жалдамалы пәтерге ақша төленеді. Әрбір өңірдің өз тариф бар. Жалғыз өзі болса, өзіне төленеді. Отбасы болса, отбасына толығымен төленеді. Және де барған жерлерінде қызметтік пәтер болса, сонымен қамтамасыз етіледі. Болмаған жағдайда, жаңағыдай ақша төленеді. Бұл жалақыдан бөлек. Сонымен қатар, киім-кешек, медициналық жабдықтар, бәрі тегін. Үкіметтің атынан, қарулы күштердің атынан қолданылады», дейді Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің аға-офицері, подполковник Берік Ермекұлы.
Осы орайда айта кеткен жөн, әскери қызмет және әскери қызметшілер туралы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес запастан шақырылған офицерлерге атқарып отырған лауазымдарына сәйкес жалақы төленеді. Сондықтан бұрынғы жұмыс орны мен жалақысы сақталмайды.
«Қарулы күштер қатарына запастан шақыру егемендік алып, өзіміздің Қарулы күштер қалыптасқаннан бастап Заңда бар. Ол - Кеңес өкіметінен келе жатқан тәжірибе. Басқа мемлекеттерде де ондай тәжірибелер жүріп жатыр. Бір жағынан өз еркімен қалатын офицерлерді жасақтауға көмектеседі. Бір жағынан оқып-біліп, әсіресе, медициналық мамандықтар біздің Қарулы күштерді көрсетіп, әрі қарай өз жұмыстарын дамыта береді», – дейді Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің аға-офицері, подполковник Берік Айнабеков.
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет запастағы Әскери офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы Қаулы қабылдады. Үкімет Қаулысына сәйкес 2022 жылы Қарулы күштерге 150 офицер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 40 офицер шақырылатын болады. Бұл офицерлер 24 айға, яғни 2 жылға шақырылады.