ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов заңсыз майнерлердің елдегі энергетика теңгеріміне қалай кері әсер етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдері ведомство басшысына Ресейден электр импорттау қашанға дейін жалғасатынын сұрады.
«Бізде жалпы жылына 14 млн кВт/сағ энергетика тұтынылады. Оның көбін өзіміз өндіреміз. Бірақ тапшылық болған кезде Ресей Федерациясынан қосымша энергия аламыз. Жалпы қазіргі уақытта таңғы және кешкі уақыттарда тұтынушылардың көлемі өседі. Сол себепті осы уақытта 600-700 МВт-қа дейін Ресей Федерациясынан қуат аламыз», - деді министр.
Оның айтуынша, Энергетика министрлігі ұсынып отырған жоспар іске асса, ресейден электр қуатын импорттау 2026 жылға қарай тоқтауы мүмкін.
«Егер заңсыз қосылған майнерлерді алып тастасақ, әсіресе, Ресейден электр қуатын алмауға да болатын еді негізі. Қазір біз сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, электр генерациясын дамытсақ, жоспар бойынша 2026 жылға дейін қосымша станцияны іске қоссақ, бізге ешқандай импорттың, әсіресе Ресей Федерациясынан алудың ешқандай қажеті болмайды», - деді Болат Ақшолақов.