27 мау, 2023 сағат 19:14

Заңгер әйелді өлтіру ісі: Алматы қалалық соты үкімнің күшін жойды

Фото:elements.envato.com

Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күші жойылып, жаңадан қарауға жіберілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы соттарының ресми парақшасына сілтеме жасап.

Алматы қалалық сотының апелляциялық сатысы алқабилердің айыпкер Нұртаевтың іс-әрекеттерін қасақана адам өлтіруден (ҚК-нің 99 б., 1 б.) қуатты психикалық толқу жағдайында адам өлтіруге (ҚК-нің 101 б.) ауыстыру туралы үкімінің күшін жойды.

Алқабилердің қатысуы арқылы шығарылған үкімнің күшін жоюға мына мән-жайлар негіз болған:

• Сот бұрын зерттемеген дәлелдемелерге сілтеме жасаған қорғаушы тарап адвокатының пікірталас барысында сөйлеу тәртібін бұзуы - яғни заң талаптарының бұзылуы сот тергеуін қайта жаңғыртуға әкелді.

• Алқабилерге белгілі бір заң терминдері қолданыла отырып, сұрақтар қойылды. Мысалы: кенеттен пайда болған қуатты психикалық толқу жағдайында адам өлтіру, бұған заң бойынша жол берілмейді.

• Айыптаушы тарап іс материалдарына қоса берілмеген бейнежазбасы бар диск түріндегі жол берілмейтін дәлелдемені ұсынды, дисктің шығу тегі ешбір дәйекпен расталмады, мұндай диск заттық дәлелдеме деп танылмады.

"Апелляциялық сатыда айыптаудың дәлелденуі мен дәлелденбеуін, дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігін, кейбір дәлелдемелердің басқаларынынан басымдығын, соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және тағайындалған жаза шарасы туралы мәселені шешуге тыйым салынады.

Апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық және процестік заңнама нормаларының сақталуын тексереді және осы негізде алқабилердің қатысуы арқылы шығарылған үкімнің заңдылығын, дәлелділігін және әділдігін тексереді" - делінген хабарламада.

Іс жүргізу нормаларының бұзылуы негізге алына отырып, үкімнің күші жойылды. Іс жаңа сот талқылауына жіберілді.

Айта кетейік, қылмыстық оқиға былтыр қазан айында болған. Заңгер әйелді бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаев 18 жерден пышақтап өлтірген. Биыл 17 мамырда сот ер адамға 1 жыл 6 айға қоныс колониясында жазасын өтеу туралы үкім шығарған. Сотталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 1-бөлігінің 99-бабы "Қасақана кісі өлтіру" бабынан Қылмыстық Кодекстің 101-бабы "Қатты психикалық толқу жағдайында кісі өлтіру" бабына ауыстырылған.