10 ақп, 2022 сағат 14:13

Заң нормалары жұмыс істемейтін ережеге айналды: Депутат капиталдың шетелге кету себебін айтты


Сенатор Нұрлан Бекенов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында капиталдың Қазақстаннан заңсыз шығып кетуімен күрес іс-шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бір жағынан капиталды шетелге шығаруды едәуір қысқартуға, екінші жағынан республикалық бюджетке қаражат түсімін арттыруға көмектесетінін атап өтті.

Сенатордың пікірінше, бақыланатын шетелдік компаниялардың қызметіне ерекше назар аудару керек. Қазақстанның салық заңнамасында 2018 жылдан бастап оларға салық салу туралы норма бар. Ондағы талаптың мәні, егер Қазақстан Республикасының резидентіне тиесілі шетелдік компания шетелде салық төлемеген болса, онда оған елімізде салық салынатын болады.

«ЭЫДҰ мамандарының бағалауы бойынша қазақстандық нормалар барлық халықаралық талаптарға жауап берді. Дегенмен, осы нормаларды қабылдағаннан кейін құрамына 55 ел кіретін конвенциядағы елдерге бірден екі жылдық шектеу енгізілді. Осылайша, бұл норма капитал шығарылған юрисдикцияларға қолданылмайтын болды. Осыдан кейін бұл нормалар одан әрі өзгеріске ұшырады, атап айтқанда, негізсіз жеңілдіктермен толықтырылды және тиімді салық ставкасынан номиналға көшті, осылайша бұл нормалар жұмыс істемейтін ережеге айналды», - деді Нұрлан Бекенов.

Сенатор Қазақстанда болған соңғы оқиғаларды ескере келгенде, капиталды елден шығару тек жеделдегенін атап өтті. Биылдың қаңтарында екінші деңгейдегі банктер 248 рет трансшекаралық төлем жүргізуден бас тартты, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе көп және 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,5 есе артық.

«Шетелдерден салықтан жалтару жолдарын іздемейтін адал бизнес үшін бұл нормалар қиындық туғызбайды. Бұл нормалар бюджетке үлкен сома әкелу үшін ғана емес, сонымен бірге олар елден капиталды шығаруға кедергі келтіру үшін жағдай жасауы керек еді. Қазір бұл нормалар жұмыс істемейді, қайта капиталды елден шығаруға жағдай жасайды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу туралы норманың қолданылуын тоқтата тұратын барлық негізсіз жеңілдіктерді дереу алып тастауды, оның ішінде салық салудың тиімді мөлшерін пайдалануға оралуды сұраймыз», - деп атап өтті сенатор.