Фото: t.me/KZgovernment
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың Екібастұз ЖЭО жылу желілеріндегі апат туралы сөзіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.
Сенат отырысы кулуарында журналистер Төтенше жағдайлар министрлігі басшысынан Екібастұз жылу электр орталығында болған апатқа қатысты вице-премьердің мәлімдемесіне пікір білдіруді сұрады.
"Біріншіден, мен жоғары лауазымды басшыны, Премьер-министрдің бірінші орынбасарын, оның қызметін бағалауға құқығым жоқ. Министрлік үшін айтарым, Қазақстан аумағындағы кез келген төтенше жағдай, тіпті елеусіз болса да, сіздер арқылы (БАҚ өкілдері – авт. еск.) жариялануға құқылы, ал төтенше жағдайға әрекет ету біздің министрліктің міндеті", - деді ол журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Ильин Президенттің Екібастұздағы төтенше жағдайды жоюға қатысты сынымен келісетінін айтты.
"Мемлекет басшысының сынына іліккен мәселе, пысықталмағаны туралы, мен мұнымен толықтай келісемін. Біз осыдан қорытынды шығаруымыз керек. Бұл - біздің бөлімшелер үшін де, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою ұзақ уақытқа созылмауы үшін болашақта өзара әрекеттесу мәселелерін тезірек шешуге тиісті бөлімдердің жұмысы үшін де әрекеттер алгоритмі. Сондықтан біз кез келген төтенше жағдайды (...) мүмкіндігінше тезірек жою үшін әрекет етуге міндеттіміз", - деді министр.