29 қаң, 2024 сағат 11:13

Ыстанбұлдағы шіркеуде атыс болды: полиция 47 адамды ұстады

Фото: © AFP 2024 / OZAN KOSE

Ыстанбұл полициясы католиктер шіркеуіне жасалған шабуылды ұйымдастырды деген күдікпен 47 адамды ұстады. Атыс салдарынан Түркия азаматы қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Елдің ішкі істер министрі Әли Ерликайдың айтуынша, католиктер шіркеуіне қарулы шабуыл жасаған екі күдікті – шетелдік, оның біреуі – ресейлік.

Жексенбіде таңертең бетперде киген қаруланған екі адам Ыстанбұлдағы шіркеуге шабуыл жасады.

Түркиялық БАҚ ақпаратынша, шабуылды Қазақстан мен Ресейде тыйым салынған "Ислам мемлекеті" (ИГ, ИГИЛ) террористік тобы өз мойнына алған. Екі күдікті сол күні кешке ұсталды.

"Шіркеуге шабуыл жасалған соң, полиция бірден ірі операция бастады. Жексенбіде 30 мекенжай бойынша 47 адам ұсталды", - деді ІІМ басшысы брифингте.

Терактіні тікелей орындағандар 22.00-де (Астана уақытымен 01.00) тұтқындалды.

"Олар шетелдіктер: біреуі – Тәжікстан азаматы, екіншісі – ресейлік. Болжам бойынша екеуі де "Ислам мемлекетінің" мүшелері", - деп мәлімдеді министр.

Оның айтуынша, ұсталғандардың бәрінен жауап алынады.