16 нау, 2022 сағат 12:17

Ықпалды адамдар заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді


Ықпалды адамдар заңсыз әрекеттерін жалғастырып келді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір алдын ала қорытындылар дайын. Біз теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Осы ретте, бүлікшілер не үшін мұндай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы – айдан анық. Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды», - деді Президент. 

Осы орайда Мемлекет басшысы ішкі және сыртқы жаулар өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келгенін атап өтті.

«Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.