Дүйсенбі күні Ресей "Бірінші арнасының" "Время" бағдарламасы соғысқа қарсы акцияға байланысты күтпеген жерден үзіліп қалды.
Тікелей эфир кезінде болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жаппай тарап жатыр. Видео кадрдан "Время" бағдарламасының жүргізушісі Екатерина Андрееваның Батыс санкциясының салдарын азайтуға арналған үкімет жоспары туралы айтып отырғаны көрініп тұр. Сол сәтте оның артқы жағына белгісіз әйел жүгіріп шығып, "Соғысты тоқтатыңдар, пропагандаға сенбеңдер. Мұнда өтірік айтады" деген жазуы бар плакат ұстап тұра қалады да "Соғысты тоқтатыңдар!", "Соғысқа жол жоқ!" деп айқай салады.
Арада бірнеше секунд өткенде бағдарлама режиссері эфирді үзіп, өзге сюжетті қосып жібереді.
Кейіннен бұл акцияны Бірінші арнаның Марина Овсянникова деген редакторы жасағаны, оның акцияға шығардан бұрын Украинадағы басқыншылықты - қылмыс, Ресейді - агрессор ел, Владимир Путинді агрессияға жауап беретін адам деп атап, видео үндеу әзірлеп қойғаны мәлім болды.
Овсянникова үндеуінде "туыс халықтар арасындағы соғысты дереу тоқтатуға" және ештеңеден қорықпай, соғысқа қарсы митингіге шығуға шақырған. "Бәрімізді бірдей қамай алмайды", – деді ол.
Овсянникова көп жыл "Бірінші арнада" жұмыс істеп, "Кремль пропагандасымен айналысқанына" өкінетінін айтқан. "Өтірік хабармен орыстарды зомбилауға қатысқаныма ұялып тұрмын", - дейді үндеуінде.
Бұл акциядан соң Овсянникованы полиция бөліміне әкеткен. Әзірге оған адвокаттары кіре алмай отыр.
24 ақпанда Ресей қарулы күштері Владимир Путиннің бұйрығымен Украинаға басып кіріп, ізінше Ресейдің түрлі қалаларында соғысқа қарсы акциялар басталған еді. Қазірге дейін 15 мыңнан астам адам қамалған.
Соғысқа қарсы акцияға шыққандарға Ресей заңы бойынша ірі айыппұл салынады немесе қылмыстық жауапқа тартылады.