23 там, 2019 сағат 13:58

Волонтерлік үшін 20 ұпай: Қызметкердің адалдық картасы қалай жұмыс істейді

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз қызметкерлері арасында адалдық картасын іске қосады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Кадр жұмысы департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов мәлімдеді.

«Шамамен келесі аптада Агенттік қызметкерлерінің жеке адалдық картасын іске қосамыз. Бұл жеке іс парағының орнын баспайды. Бұл - қызметкерлерді әділ, әлеуметтік жауапты, салауатты және әдепті өмір салтына ынталандыратын жаңа құрал», - деді Н. Жақсымбетов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінде өткен брифингте.

Онда заңға бағыну, қаржылық жауапкершілік, әлеуметтік жауапкершілік, этика және өзін-өзі дамыту деп аталатын бес бөлім бар. Әр бөлімде 4-5 көрсеткіш арқылы қызметкерлерге ұпай тағайындалады.  

«Әр қызметкерге сенім кредиті ретінде 100 ұпай беріледі. Оны өз әрекетімен көбейтеді немесе азайта алады. Мәселен, егер қызметкер жол қозғалысы ережесін бұзып, әкімшілік айыппұл алса, 20 ұпай шегеріледі. Қоғамдық орында дау шығарса - 80 ұпай алынып тасталады. Салық, алимент, несиелерін уақытында төлемесе - 20 ұпай алынады. Және керісінше, шет тілін меңгеру деңгейін көтерсе - 10 ұпай, волонтерлік жобаға қатысса - 20 ұпай, оқытушылық қызметпен айналысса - 20 ұпай, спорттық турнирде жүлделі орын алса - 10 ұпай қосылады», - деді Агенттік өкілі.

Қызметкердің жалпы ұпай саны 30-ға дейін төмендесе, оған сыйақы беруде, мансаптық көтерілуде немесе мерзімінен бұрын атақ алуда шектеулер қойылуы мүмкін.

«Осылайша, қызметкерлердің арасында адалдық пен өзін-өзі дамытуды, жанашырлықты насихаттағымыз келеді», - деді Нұрлан Жақсымбетов.