14 ақп, 2020 сағат 19:08

Вольфганг Ишингер әлем көшбасшыларын БҰҰ-ның беделін нығайту ісіне атсалысуға шақырды

Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер әлем көшбасшыларын БҰҰ-ның беделін нығайту ісіне белсенді атсалысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ашығын айту керек, ұжымдық күш-жігер ең қауіпті дағдарыстар мен халықаралық қауіпсіздіктің қатерлерін реттеу үшін жеткіліксіз. Адамдардың өмірі қиылып жатыр, қарулану жарысы жаңа қарқын ала бастады, жаһандық жылыну жалғасуда. Сондықтан әлемдегі ең ықпалды адамдардың бұл тұрғыда тек шарасыздық танытуы дұрыс емес. Атап айтқанда, бұл ахуал қазіргі қауіпті жағдайда өте тиімсіз болып тұр», - деді В. Ишингер Мюнхен қауіпсіздік конференциясының 56-шы отырысында.

Оның пайымынша, осының салдарынан ынтымақтастық пен бейбітшіліктің орнына өшпенділік пен қақтығыстар белең алуда.

«Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, бірнеше ескертуді атап өткім келеді. Біз баршамыз БҰҰ беделін нығайтуға белсенді үлес қосуымыз керек. Оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін де назарда ұстауымыз керек. Ол шешімдерді орындау үшін өкілеттігі бар жалғыз орган. Қауіпсіздік Кеңесі Ливия бойынша қарарды қабылдаған кезде осы аптаның басында қандай да бір үміт пайда болды. Осы орайда елдердің басым көпшілігі осы шешімнің талаптарын ұстанады деп сенім білдіреміз», - деді Вольфганг Ишингер.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германиядағы Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуда.

Мюнхен қауіпсіздік конференциясының 56-шы отырысы 2020 жылдың 14-16 ақпаны аралығында өтеді. Аталған іс-шараға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы істер және қорғаныс министрлері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар, Еурокомиссия өкілдері, сондай-ақ Еуропалық парламент депутаттары қатысуда.

Айта кетейік, жыл сайын форумға әлемнің 70 елінен 400-600 адам қатысады. Олардың арасында мемлекет және үкімет басшылары, әскери әрі саяси көшбасшылар, министрлер кабинетінің мүшелері, Парламент депутаттары, ғалымдар, саясаттанушылар, азаматтық қоғам өкілдері бар.