Ресей Украинаға басып кірген соң елден кеткен Владивосток қалалық думасының депутаты Виктор Каменщиков әлеуметтік желіде АҚШ-тан саяси баспана алғанын мәлімдеді. Ол көші-қон түрмесінен босап шыққан. Айтуынша, қазір Майамиде (Флорида штаты), деп хабарлайды Азаттық.
19 мамырда Каменщиков Мексика мен АҚШ шекарасында ұсталған. Ол шекараны заңсыз кесіп өтті деген күдікке ілінген. Бұдан соң АҚШ-тан саяси баспана сұраған.
АҚШ билігі әзірге Каменшиковтің мәлімдемесіне түсініктеме бермеді. Ресей федерациясы коммунистік партиясының Приморье өлкесі бойынша хатшысы, аймақтық парламент фракциясының жетекшісі Анатолий Долгачев Каменщиковті "партияның беделіне нұқсан келтірді" деп айыптап, оны "сатқын" деп атады.
Ақпан айында Украинадағы соғысқа қарсы екенін мәлімдеген депутат қалалық дума отырысына содан бері қатыспаған. 27 ақпанда ол партиядан шығу туралы өтініш берген.
Ол Украинадағы сепаратистік құрылымдар – "ЛХР" мен "ДХР"-дің тәуелсіздігін мойындап, Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдаған партия басшылығымен келіспейтінін білдірген.
Наурыз басында Сибирь.Реалии басылымына берген сұхбатында Каменщиков "Қазірдің өзінде жұрт Ресейден қашып жатыр. Алайда пікіріңді айтпай қашу – бұл оккупант статусында қашу дегенді білдіреді. Сондықтан егер адам қазір пікірін айтпаса, қарсы екенін білдірмесе, демек ол оны қолдайды деген сөз" деп мәлімдеген еді.