Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұздағы көпқабатты үйлердің бәрі кешке дейін жылуға қосылатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"Қалған 17 көпқабатты үй, "Аманат" партиясының ғимараты бүгін түстен бастап қосылады. Кешке дейін көпқабатты үйдің бәрі жылуға қосылады", - деді Жұманғарин Екібастұзда өткен брифингте.
Вице-премьер бүгін жұмыстың 99 пайызы аяқталады деп сендірді.
"Мен тұрғындармен кездестім, бұл - жұмысшылар қаласы. Бәрі жағдайды түсінеді, жүйені біледі. Адамдар қол қусырып отырған жоқ. Қанағаттанбау, ашу-ыза білдіру жағдайлары жоқ. Денсаулық сақтау мекемелерін араладық. Штабымыздың жұмысы басталғанда перзентханаға жас келіншек түсті, ол қыз босанды. Бұл да жақсы белгі", - деп қосты ол.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов төтенше жағдайларды жоюға да, төтенше жағдайдың салдарын жоюға да байланысты барлық шығынды монополист компания көтеретінін айтты.
"Анықтама ретінде айтайын: кеше таңертең қала тұрғындарының 93 пайызына жылу берілді. Түстен кейін 7 пайызға жылу қосуды жоспарлап отырмыз", - деп қосты ол.