17 сәу, 2020 сағат 16:03

Вице-министр бейнесабақтарда орын алған қателіктер үшін кешірім сұрады

Қашықтан оқыту аясында түсірілген бейнесабақтарда орын алған қателіктер түзетілді. Бұл туралы онлайн тәртіпте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспасөз мәслихатында қашықтан оқыту аясында телеарналардан көрсетілетін бейнесабақтарда қателіктер орын алғандығы туралы сұралды. 

«Біз де осы қателерді көріп отырмыз. Шынын айту керек, қашықтан оқытуға мұғалімдер де, мектептер де дайын болмады. Сонымен қатар, жаңа формат аясында мұғалімдердің қобалжуы да көрінді. Екі аптаның ішінде 700-ден астам сабақ көрсетілді. Олардың басым көпшілігі демалыс кезінде түсірілген еді. Сондықтан жіберілген қателер үшін қоғамнан, яғни ата-аналардан, балалардан кешірім сұраймыз. 700-ден астам бейнесабақтың арасында екі сабақта қате кеткені мәлім болды», - деді О. Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, аталған бейнесабақтар бірден көрсетілімнен алынып, кейін қайта түсірілді. 

«Барлық телевизиялық сабақтардың қолжетімді Youtube-каналдарына жаңа бейнесабақтар орналастырылды. Ары қарай тексеру жұмыстарын күшейтіп, мұндай қателерді болдырмаудың барлық шаралары іске асырылуда», - деді Шолпан Каринова.