18 ақп, 2021 сағат 14:52

Вице-министр 30 жастан асқан студенттер жайында: ЖОО-ға диплом үшін барады

30 жастан асқан студенттер жоғары оқу орындарына білім алуға емес, диплом үшін келеді. Мұндай пікірді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы 30 мыңнан астам студент білім алып жатқан бір жоғары оқу орнын тексердік. Оның жабылатындығы туралы жарияладық. Осы орайда біздің шешімімізге шағым түсіріліп, сот отырыстары жарты жылға созылды. Білім сапасының төмендігін және ЖОО-ның жабылатынын біле тұра бірде-бір студент басқа оқу орнына ауыстырылмаған», - деді М. Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, студенттер контингентінің жартысынан астамы 30 жастан асқан адамдарды қамтитын ЖОО-лар да бар. 

«Бұл студенттердің білім үшін емес, диплом алуға келгенін түсініп отырмыз. 30 жастан асқан бұл студенттерде бірінші курстан бастап тұрақты зейнетақы аударымдары жүріп жатқанын атап өткен жөн, яғни олар жұмыс істеп жүрген адамдар. Нәтижесінде, біз қандай мамандарды көретініміз белгілі», - деді Мирас Дәуленов.

Оның сөзіне қарағанда, тексеріс барысында аталған студеттердің саабақтарға бармайтындығы анықталды. Пандемия кезінде де олар қашықтан оқыту режиміндегі сабақтарға қатыспауда. 

«Іс жүзінде бұл студенттер оқымай жүргенін көріп отырмыз. Атап айтқанда, жоғары жастағы студенттердің білім алуына ешқандай шектеу жоқ, олар емін-еркін білімін жалғастыра алады. Олар білім алуға ниет танытса, онда нақты сабақтарда болуы керек», - деді вице министр.