Сайлау күнінде комиссия мүшелері бетпердені 3 сағат сайын алмастыруы керек. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұмаудан басқа, елімізде өзге де вирусты инфекциялар анықталды. Олар: риновирусты, ресвирусты, аденовирусты, бокавирусты, метапневмовирусты және парагрипп. Республикамызда жіті респираторлық вирусты инфекция және тұмаумен сырқаттанудың артуын, коронавирус инфекциясы бойынша жағдайдың тұрақты екендігін ескере отырып, сайлауды өткізу кезінде сайлау комиссиясы мүшелері бетперде тәртібін сақтауы, бір рет қолданылатын бетпердені әр үш сағат сайын алмастыруы қажет», - деді вице-министр Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның атап өтуінше, халықтың көп жиналуын болдырмау үшін барынша кең бөлмелерді пайдалану қажет.
«Бөлмелерді желдету жүйесі үзіліссіз жұмыс істеуі керек. Ал жасанды желдету жүйесі болмаған жағдайда іс-шараларды өткізу алдында бөлме ауасын тазарту қажет», - деді Айжан Есмағамбетова.