12 нау, 2020 сағат 12:04

Вирус жұқтыруы мүмкін әр адамға 2-3 тест жүргіземіз - Біртанов

Елімізде коронавирусты анықтайтын қосымша 60 мың тест алынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта коронавирус 120 мемлекетке тарады. Қазақстан Қытаймен шекаралас жатыр. Соған қарамастан арнайы қабылданған шаралардың арқасында елімізде осы уақытқа дейін коронавирус анықталған жоқ»,- дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус адам қанынан бірінші күні анықталмайтынын жеткізді.

«Бірнеше мемлекеттен келген азаматтар бақылауда. Коронавирус адам қанынан бірінші күні табылмайды, сол себепті біз оларды бақылауда, қажет болса 14 күн карантинде ұстаймыз. Біздің протокол бойынша, адамнан бірінші және оныншы күні қан алынып, тексеріледі. Қазіргі кезде біздің барлық өңірде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық зертханалар жұмыс жүргізуде. Ресей Федерациясы, ҚХР, ДСҰҰ жіберген және қазақстандық тест бар. Жалпы 15 мың тест болған, оның 5 мыңын пайдаландық. Қосымша 60 мың тест аламыз. Әрбір науқасты 2-3 тестпен тексереміз. Бұл тесттер нақты көрсеткіштерді көрсетіп, жақсы жұмыс істейді. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасады», - дейді ол.